Теннистен Олимпиада ойындарына іріктеу шарасы бүгін аяқталды. 4 жылда бір келетін дүбірлі додаға Қазақстан атынан тек төрт теннисші ғана қатысатын болды деп жазады Vesti.kz.
Іріктеу нәтижесінде белгілі болғандай, Рио-де-Жанейрода өтетін жазғы Олимпиада ойындарында Қазақстан намысын ерлер арасында Михаил Кукушкин, қыздар арасында Юлия Путинцева қорғайтын болады. Қос теннисші де еліміздің бірінші ракеткалары.
Кукушкин олимпиадалық рейтингте 35-ші сатыда орналасқан (ATP рейтингінде 61-ші орында). Ал, Путинцева 33-ші орында (WTA рейтиінгінде 35-ші орын). WTA-ның жаңартылған кестесінде қазақстандық қос теннисші Ярослава Шведова мен Зарина Дияс тиісінше 94-ші және 95-ші орындарға жайғасқан. Олар Олимпиадаға жолдама алу үшін үздік 56 теннисшінің қатарына енуі керек еді.
Дегенмен, Ярослава Шведова Рио олимпиадасында жұптық кездесулерде өнер көрсететін болады. Ол өз серігін жақын уақытта отандастарының қатарынан таңдауы тиіс. Сондықтан, Зарина Диястың Олимпиада ойындарына қатысудан аз болса да үміті бар. Дияс бұған дейін жұптық кездесулерде аса үлкен жетістіктерге қол жеткізбегендігін де айта кету керек.