07.06.2016, 04:25

Мұхаммед Әлидің табытын Ленокс Льюис пен Уилл Смит көтереді

Кәсіпқой бокстан аса ауыр салмақтағы әлемнің абсолютті чемпионы Ленокс Льюис пен Голливуд актеры Уилл Смит Мұхаммед Әлидің табытын көтеріп жүру мәртебесіне ие болды. Бұл туралы The Guardian басылымы хабарлады.

Ал, Associated Press тілшілерінің жазуынша, Әли өзінің жаназасының сценариін 2010 жылы жазып қалдырған көрінеді. Аталған жазбаны әйгілі боксшы қалыңдығы 5 сантиметрдей болатын кітапқа жазыпты.

Әлидің аманатына сәйкес, қоштасу рәсімі үлкен стадионда өтуі тиіс. Ол жерге боксшыны ақтық сапарға шығарып салғысы келгендердің барлығы сыяды. Ал, қоштасу рәсімінен кейін табытты арқалаған бір топ адам Әлидің атымен аталатын көшені жаяу жүріп өтуі керек. Сондай-ақ, табытқа салынған дене боксшының балалық шағы өткен шағынауданды да араламақ.

Айта кетейік, Мұхаммед Әлидің жерлеу рәсімі 10 маусым күні өзінің туған қаласы Луисвилде өтеді және интернет арқылы тікелей эфирден көрсетіледі. "Бокс королімен" қоштасуға Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоған, АҚШ-тың экс-президенті Билл Клинтон, әйгілі актер Билли Кристалл және өзге де танымал тұлғалар келеді деп күтілуде.

Мұхаммед Әли 3 маусым күні 74 жасқа қараған шағында дүниеден озды.