Астанада Андерсеннің «Қар патшайымы» ертегісінің желісі бойынша «Снежный король-2. Возвращение» (Қар патшасы-2. Оралу) мұз шоуы көрсетіледі деп хабарлайды Мәдениет басқармасының баспасөз қызметі.
Шоу аясында «Қазақстан» спорт сарайының мұз айдынында әлемнің үздік мәнерлеп сырғанаушылары өнер көрсетеді, олар: Евгений Плющенко, Ирина Слуцкая, Бриан Жубер, Томаш Вернер, Фиона Залдуа мен Дмитрий Суханов, сондай-ақ, Сергей Якименко мен Ирина Усенко, Екатерина және Александр Честны.
Аталмыш жұлдызды топ көпшілік назарына ұсынатын ертегіде Герда (Ирина Слуцкая) Қар патшасы (Евгений Плющенко) мен жауыз тролльдермен арпалысады. Көрермендер мәнерлеп сырғанау элементтері, цирк қойылымдарымен иллюзиялар шоуы енген ғажайып бағдарламаны тамашалайды. Сонымен қатар, шара барысында қонақтар әуе гимнасттары орындаған күрделі трюктерді көре алады.
Евгений Плющенко Астанада 4-6 шілде аралығында өнер көрсетеді. Мұз айдынындағы ғажайып думан ересектер үшін де, балалар үшін де қызық болады.
Айта кетейік, әлемдік шоудың премьерасы Мәскеуде өтті. Аты аңызға айналған мәнерлеп сырғанаушылардың қатысуымен өтетін қойылымды Санкт-Петербург пен Сочи тұрғындары мен қонақтары да тамашалап үлгерді. Алдағы уақытта Евгением Плющенко бастаған команда АҚШ, Финляндия, Франция, Швеция, Оңтүстік Корея және Жапония мемлекеттеріне сапар шекпек.