20.06.2016, 12:29

Ресейдің барлық спортшысы Олимпиададан шеттетілуі мүмкін

Халықаралық олимпиада комитеті (ХОК) 21 маусымда Лозаннада болатын отырыста Ресейдің барлық спортшыларын Рио-де-Жанейрода өтетін ойыннан шеттетуі мүмкін. Бұл жөнінде аты-жөнін құпия ұстаған кеңеске қатысушылардың бірі хабарлады деп жазады Spiegel.

Басылымның мәліметі бойынша, ХОК басшысы Томас Бах спортшыларды ойыннан шеттетуді талқылау алдында Ресей президенті Владимир Путинмен сөйлесуге ниетті. Кремль болса, бұл жағдайдан хабарсызбыз деген. "Бізге бұл мәселе белгісіз", – дейді Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков.

Өткен жұма күні Халықаралық жеңіл атлетика федерациясының қауымдастығы (IAAF) допингті пайдаланғаны үшін ресейлік спортшыларға қатысты санкцияны ұзартып, оларды Олимпиададан шеттеткен. Ресейдің спорт министрі Виталий Мутко осыдан кейін IAAF-ті таратып жіберу керек деп мәлімдеген.

2015 жылдың қараша айында Халықаралық допингке қарсы агенттік (WADA) Мәскеу зертханасындағы қулық-сұмдық жайында баяндама жасаған. WADA Ресей спортында тыйым салынған препараттарды пайдалану "мемлекет қолдайтын мәдениетке айналды" деп мәлімдеген.

centralasian.org