ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының айтуынша, допинг дауына іліккен төрт ауыратлетіміз Риода өтетін жазғы олимпиада ойындарына қатыспайды. Бұл туралы Tengrinews.kz порталы мәлімдеп отыр.
"Допинг пайдаланғандар тізіміне іліккен спортшыларымыздың Олимпиада ойындарына қатысуы туралы айтар болсам... Олардың Риоға баруы екіталай. Олар қазір өте жақсы бапталған, жастары да келесі Токио олимпиадасына қатысуға кедергі келтірмейді, яғни Олимпиада медальдарын алуға әлі де мүмкіндіктері бар. Аталған спортшылардың қазір кез-келген жарысқа қатысуына тыйым салынған, сондықтан олар Риоға бара алмайды", - деді А.Мұхамедиұлы Президенттің Олимпиадаға баратын спортшыларымызбен кездесуі барысында.
Дегенмен, министрдің айтуынша, соңғы сөзді айту әлі ертерек. Тым аз болса да үміт оты әлі сөнген жоқ дейді ол.
Естеріңізге салайық, 16 маусым күні қазақстандық төрт ауыратлеттің Лондон олимпиадасы кезінде тапсырған допинг-сынамасынан тыйым салынған препарат табылған болатын. Тексере келе WADA (Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік) Илья Ильиннің Пекиндегі ойындар кезінде де допинг пайдаланғанын анықтады. Бүгінгі таңда қазақстандық спортшылардан Олимпиада медальдарын қайтарып алу және оларды алдағы жарыстарға қатыстыру мәселесі қаралып жатыр.
Ал, Олимпиада ойындарының чемпиондары болса ешқандай тыйым салынған препаратты қолданбағандарын айтып ақталуда.