Футболдан Германия ұлттық құрамасының капитаны Бастиан Швайнштайгер мен серб теннисшісі Ана Иванович некелерін қиып, отау құрды. Бұл туралы Bild порталы мәлімдеп отыр.
Салтанатты неке қию рәсімі Венециядағы Палаццо Квалли-Франкетти сарайында өтті. Заңды некеге тұрғаннан кейін ғашықтар қайыққа мініп, Венеция көшелерімен серуендеді.
Бүгін жас жұбайлар шіркеуге барып, діни рәсімдермен некелерін тағы қиятын болады. Салтанатты шараға «Бавария» футбол клубының бұрынғы президенті Ули Хеннес, Германия құрамасының ойыншысы Томас Мюллер, команданың бас бапкері Йоахим Лев және өзге де неміс футболшылары шақырылған.
Айта кетейік, қос спортшы 2014 жылдан бері бірге өмір сүріп келеді.
31 жастағы Швайнштайгер әлем чемпионы (2014 жыл) және екі дүркін қола жүлдегері (2006, 2010). 2008 жылы Еуропа чемпионатының күміс және 2012, 2016 жылдары қола жүлдегері атанған. Ал, Ана Ивнович болса 2008 жылы «Ролан Гаррос» турнирін жеңіп алған серб тенисшісі. Ол WTA аясында өткен 14 турнирдің жеңімпазы.