Бокстан 81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен қазақ боксшысы Әділбек Ниязымбетов олимпиада ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері атанды. Бүгін финалдық кездесуде кубалық Хулио Сезар Ла Крузбен жұдырықтасқан жерлесіміз 3:0 (29:28, 29:28, 29:28) есебімен жеңіліп, Қазақстан қоржынын күміс медальмен толықтырды.
Қос боксшының жолы рингте осымен төртінші рет түйісіп отыр. Бұған дейін екі бірдей әлем чемпионатында кубалық боксшының мерейі үстем болса, Астанада өткен ҚР Президентінің кубогі үшін болған турнирде Әділбек жеңіске жеткен болатын. Осылайша, екеуінің арасындағы жалпы есеп 3:1-ге жетіп отыр.
Алғашқы раунд кубалық Ла Круздың айқын басымдылығымен аяқталса, екінші раундта ойын тең дәрежеде өтті. Ал, үшінші кезеңде Әділбек қарсыласына бірнеше ауыр соққы дарыта алғанымен, есептегі айырманы қысқарта алған жоқ.
Осылайша, Әділбек Ниязымбетов Лондон және Рио олимпиадаларының күміс жүлдегері деген атаққа ие болып отыр.
Естеріңізге салайық, бұған дейін 91 келіде өнер көрсеткен Василий Левит Қазақстан қоржынына күміс, 69 келідегі Данияр Елеусінов алтын медаль салған болатын. Бұлардан бөлек аса ауыр салмақтағы Иван Дычко мен 75 келідегі қазақ қызы Дариға Шакимова ертең жартылай финалдық кездесулерін өткізеді.