Қазақстандық палуан қыздар Екатерина Ларионова (63 келі) мен Гюзель Манюрова (75 келі) Қазақстан қоржынын тиісінше бір қола және бір күміс медаль толықтырды.
Қола жүлде үшін болған белдесуде 22 жастағы Ларионова америкалық Елена Пирожковамен күресті. Бірінші кезеңде АҚШ палуаны белсенді көрініп, үш ұпай иемденген болатын. Ал, екінші кезеңде бірнеше әдіс жасап көрмек болған қазақ палуаны қарсыласының жауырынын жерге тигізіп, таза жеңіске қол жеткізді.
Айта кету керек, Ларионова бірінші белдесуін Беларусь қызы Мария Мамашукке жеңіліп қалған болатын. Алайда, Мамашук финалға шығып, Қазақстан палуанына үшінші орын үшін күресуге мүмкіндік туды. Алғашқы жұбаныш белдесуінде Ларионова швед қызы Хенна Йоханссонмен күресіп, таза жеңіске жетті.
Ал, финалға жолдама алған Гюзель Манюрова ақтық кездесуде Канада палуаны Эрика Уибаға жеңіліп, олимпиада ойындарының күміс жүлдегері атанды.
Алғашқы кезеңді шабуылмен бастаған Манюрова бірде-бір ұпай ала алған жоқ. Есесіне Уиба қарсы шабуылдардың бірін ұтымды пайдаланып, екі ұпайды еншісіне жазған. Екінші кезеңді ол өз басымдығын арттырып, есепті 6:0-ге жеткізді.
Осылайша, Манюрованың күміс медалі Қазақстан қоржынына түскен 15-ші жүлде болып отыр. Спортшыларымыз 3 алтын, 5 күміс және 7 қола медаль жеңіп алды.