Генннадий Головкин мен Дэниэл Гилдің жекпе-жегін екі қазақстандық телеарна көрсетеді деп хабарлайды, Tengrinews.kz.
Нью-Йорктің Madison Square Garden үлкен алаңында қос кәсіби боксердің жекпе-жегі алдағы тәуліктің басты оқиғасы боп табылмақшы. Геннадий Головкин мен Дэниэл Гилдің жекпе-жек күресінен «Қазақстан» ТРК және «KazSport» телеарналары тікелей көрсетілім таратады. Астана уақыты бойынша Головкин 27 шілденің таңында рингке шығады. Барша әлемнің назарын бұрған жекпе-жек «KazSport» телеарнасында Астана уақыты бойынша таңғы 06.30-дан бастап көрсетіледі. Таңғы сағат 8-де Головкин мен Гилдің күресі «Қазақстан» ұлттық телеарнасының тікелей эфирінде беріледі.
Естеріңізге сала кетейік, 26 шілдеде Нью-Йорк қаласында Madison Square Garden 20-мыңдық үлкен аренасында жылдың ең үздік оқиғасы – WBA және IBO нұсқасы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Геннадий Головкин мен әлемнің бұрынғы чемпионы австралиялық Дэниэл Гил арасында кездесу өтеді. Головкин WBA нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағын 11-ші рет қорғайтын болады.
Г.Головкиннің промоутері Том Леффердің журналистерге хабарлауынша, қазақстандық пен австралиялық боксшылардың кездесуін әлемнің 100-ден астам елінде көрсетеді.
Естеріңізге сала кетейік, Головкиннің бірде-бір қарсыласы жекпе-жектің соңына, яғни 12 раундқа дейін шыдап көрген емес. Ол өзінің 29 жеңісінің 26-сын нокаутпен аяқтап, 16 рет қарсыласы кездесуді уақытынан бұрын аяқтаған болатын. Головкин үшін бұл кәсіби рингтегі 30-шы кездесу болғалы тұр.
Осы жылдың 24 шілдесінде Нұрсұлтан Назарбаев отандасымыз Геннадий Головкинге телеграмма жолдап, австралиялық Дэниэл Гилмен болатын жекпе-жекте жеңіске жетуіне тілек білдірді. Телеграмманы Нью-Йоркте өтіп жатқан баспасөз мәслихаты барысында спортшыға қазақстандық дипломаттар жеткізіп, қолына ұсынған.«Шақыртуына көп-көп рахмет. Жекпе-жекте жеңіске жетуіне тілектеспін. Қазақстандықтар сенімен бірге!» делінген Президент Н.Назарбаев атынан жолданған телеграммада.