$ 442.05  474.14  4.74

«Астана» велокомандасы «Тур де Франс» көпкүндігін жеңіспен аяқтады

Бүгін аяқталған жыл сайынғы дәстүрлі «Тур де Франс — 2014» веложарысында «Астана» командасының капитаны, италиялық легионер Винченцо Нибали бас бәйгені олжалады, деп хабарлайды Skifnews.kz.

Осылайша Нибали әлемдік үш ірі Гранд-тур веложарыстарында жеңімпаз атанған әлемнің алтыншы велошабандозы болып отыр. Оның жүріп өткен жалпы уақыты 86 сағат 37 минут 52 секунд уақытты құрады. Одан кейінгі екінші орын алған «FDJ» командасының спортшысы Тибо Пино Нибалидан 7 минут 52 секундқа қалып келді. Ал, үздік үштікті француздардың «AG2R La Mondiale» командасының велошабандозы Жан-Кристофф Перо қорытындылады. Ол жалпы уақытта Нибалидан 8 минут 24 секундқа қалып қойды.

Айта кетейік, биылғы «Тур де Франс» жарысындағы «Астана» капитанының негізгі қарсыластары саналатын «Sky» командасының үміт артары Крис Фрум мен бұрынғы «астаналық», бүгінде «Tinkoff-Saxo» командасының капитаны болған Альберто Контадор жарақат алуына байланысты жарыс жолынан ертерек шығып қалған болатын.

Анықтамалық үшін: Винченцо Нибали — италиялық кәсіпқой тас жол велошабандозы, «Астана» велокомандасының мүшесі. Мессин бұғазының маңында дүниеге келгендіктен оны Бұғаз акуласы немесе жай ғана Акула деген лақап аттарымен де атайды. 2010 жылы ол Испания Вуэльтасының жеңімпазы атанды, ал 2013 жылы Джиро д'Италия велокөпкүндігінде жеңіске қол жеткізді. Сонымен бірге, міне, 2014 жылғы Тур де Франс додасының жеңімпазы атанып отыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары