Биыл күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасовтың туғанына 145 жыл толып отыр. Осы айтулы оқиғаға орай Шымкент қаласындағы жеңiл атлетика манежiнде қазақ күресiнен халықаралық жарыс өттi. Жарты ғасырдан астам уақыттан берi үзiлмей келе жатқан дәстүрлi турнирдi Ордабасы ауданы әкiмдiгi мен облыстық денешынықтыру және спорт басқармасы ұйымдастырды. «Қажымұқан» қоғамдық қоры да игi iстiң басынан табылды. Сайыстың ашылу салтанатында облыс әкiмiнiң орынбасары Ұласбек Сәдiбеков және өзге де азаматтар даңқты балуанның аты мәңгi есте қалатынын айтып, Қажымұқанның бүгiнгi iзбасарларына сәттiлiк тiледi.
Тәуелсiздiктiң 25 жылдығына орай ұйымдастырылған додаға елiмiздiң барлық облыстарымен қатар Өзбекстан, Қырғыз Республикасы, Моңғолия және Қытайдың мықты балуандары да қатысты. Сайыстың алғашқы күнi бiрнеше салмақ дәрежелерi бойынша жүлдегерлер анықталды. Ал, екiншi күнi салмақ дәрежелерiмен қатар түйе балуандар сайысы да өттi. Нәтижесiнде 55 келiде Абылайхан Кеулiмжай (Жамбыл), 60 келiде Еламан Хуанбай (Қарағанды), 66 келiде Қасымхан Төленбай (Алматы қаласы), 74 келiде Айдос Ғалымов (Қарағанды), 82 келiде Ерсұлтан Мұзаффаров (ОҚО), 90 келiде Әдiлжан Ыстыбаев (ОҚО), 100 келiде Асыл Барменов (Қарағанды) және 100 келiден жоғары салмақта Мухсин Хисомиддинов (Өзбекстан) жеңiмпаз атанды.
Түйе балуандар бәсекесiне әлемге танымал мықтылар қатысты. Тартысты өткенi соншалық, «Қазақстан барысында» және өзге де iрi додаларда олжа салып жүрген Руслан Әбдiразақов, Асыл Барменов, Алдангэрел, Нұрсұлтан Мыңғышев, Мұхит Тұрсынов, Ғани Сейдiлдаев сынды алыптар iрiктеу кезеңдерiнде-ақ сүрiндi. Финалда шығысқазақстандық Айбек Нұғымаров пен қарағандылық Ержан Шынкеев күрестi. Аңдысқан қос мықтының бәсекесiнде Айбектiң мерейi үстем болды. Сөйтiп, ол Қазақ даласының батыры – Қажымұқан балуанның құрметiне арналған турнирдiң «түйе балуаны» атанып, бас жүлдеге тiгiлген 1 миллион теңгеге ие болды. Жеңiмпазға жүлденi Ордабасы ауданының әкiмi Алмасбек Мамытбеков пен облыстық қазақ күресi федерациясының төрағасы, жарысты ұйымдастырушылардың бiрi Болат Қырықбаев тапсырды. Әр салмақ дәрежесiндегi жеңiмпаздар мен жүлдегерлер диплом, медаль және қомақты ақшалай сыйлықпен марапатталды.
Турнир барысында «Қажымұқан» қоғамдық қорының төрағасы, профессор Сағынғали Әубәкiров қазақ күресiн дамытып жүрген бiр топ азаматқа «Қажымұқан» медалiн табыс еттi. «Қазақ Хан батырлары» қоғамдық қоры да өз сыйлықтарын тапсырды.
Қайбiр жылы Қажымұқанның турнирiнде бiрнеше автокөлiк тiгiлгенi есiмiзде. Қаржы дағдарысына байланысты биыл олай етуге мүмкiндiк болмады. Дегенмен, биылғы дода өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Алып балуандарымыз «күш атасының» әруағын сыйлайды екен. Бар өнерлерiн паш еттi. Алдын-ала «келiсiлген» жекпе-жектердi де байқамадық. Шын мықтылар жеңiске жеттi. Жанарларынан жалын атқан осы оғландар болашақта қазақ күресiнiң беделiн бұдан әрi асқақтататыны сөзсiз. Себебi, олар Қажымұқан батырдың додасына қатысып, тарихи сәттiң бiр бөлшегiне айналды.