12.11.2016, 17:13

Созақта саңлақтар даярлайды

Жуырда ел Тәуелсiздiгiнiң 25 жылдығына орай Созақ ауданында бiрнеше спорт нысаны мен алаңшалар пайдалануға берiлдi. Елбасы Н.Назарбаев өз Жолдауында 2020 жылға дейiн халықтың 30 пайызын спортқа тартуды мақсат етiп қойған болатын. Осы тапсырмаға сәйкес, ауданда нақты iс-шаралар қолға алынған. Аудан басшысы М.Исаев тұрғындарға есеп беру жиынында созақтықтардың спортпен айналысуы басты назарда болатынын мәлiмдеген.

Биыл Қыземшек кентiне қарасты Тайқоңыр елдi мекенiнде спорт нысаны ашылды. «Ыңғай» бiрлескен кәсiпорны ЖШС-нiң демеушiлiгiмен ашылған нысанда заман талабына сай жасанды футбол төсенiшi, жүгiру жолағы, футбол, волейбол және баскетбол ойындарына арналған спорт алаңдары бар. Сондай-ақ, Тасты ауылының мектеп бiтiрушi түлектерi футбол, волейбол және баскетбол ойындарына арналған спорт алаңдарын салып бердi. Ал, Жартытөбе ауылдық округiнде шағын футбол алаңы пайдалануға берiлдi. Оған ауыл жастары демеушiлiк жасаған.

Қазiргi таңда Шолаққорған ауылындағы орталық стадион мен спорттық сауықтыру кешенiне күрделi жөндеу жұмыстары жүргiзiлуде. Осы қадамдар арқылы бұқаралық спорт дамитыны анық.

Айта кетейік, биыл ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Оңтүстік Қазақстан облысында бірқатар спорттық жарыстар өтті. Түрлі маман иелері негізгі жұмыстарынан бір сәтке қол үзіп, спорттық алаңдарда өз мүмкіндіктерін сынап көрді. Атап айтсақ, журналистер мен блогерлер, полицейлер, прокурорлар, дін өкілдері, өрт сөндірушілер және мұғалімдер шағын футболдан өзара турнирлер ұйымдастырып, мейрамның көркін қыздыра түсті.