14.11.2016, 13:41

Шардарада жасөспірім спортшылар арасында спорттық жарыстар өтті

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Оңтүстік Қазақстан облысы Шардара ауданында  «Жасөспірімдер нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы» атты ұранмен баскетболдан 2003-2004 жылы туылған жасөспірім ұлдар арасындағы аудандық  №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің ашық біріншілігі өтті.

Бұл туралы аудан әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Біріншілікті  аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің  директоры  А.Сәкиев ашып беріп, командаларға сәттілік тіледі. Ә дегеннен тартысты басталған баскетбол сайысы аса қызықты өтті. Жарыстың  қорытындысында  ІІІ орынды  С.Ерубаев атындағы жалпы орта мектебінің №2  командасы  жеңіп алса,  ІІ орынды  осы білім ордасының  №1 командасы қанжығасына байлады.  Бас жүлдені  Қ. Аманжолов атындағы жалпы орта мектебінің командасы айқын басымдықпен иемденді.

Осы күні тағы да волейбол жарысы ұйымдастырылды. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына және «Лайықты ұрпақты тәрбиелейік» атты ұранымен өткен волейбол сайысында 2001-2002 жылы туылған жасөспірім ұлдар ойын көрігін қыздырды. Волейбол жарысының нәтижесінде Шардара мектеп-лицейі І орынды иеленіп, ашық біріншіліктің жеңімпазы атанды. Ал, Жаушықұм мектеп-лицейі ІІ орынды еншілесе, Т.Айбергенов атындағы мектеп-гимназиясы ІІІ орынды қанағат тұтты.

Жас спортшыларды жеңістерімен  құттықтай отырып, алдағы жарыстарда да биіктерден көрінуіне тілек білдіреміз.