Сұхбат 27.01.2017 сағат 12:14  1815

Хоссейн Джабери Ансари: Сириядағы жанжалға қатысушы барлық тарап қантөгістен шаршады...

Апта басында бүкіл әлемнің назары Астанаға ауғаны белгілі. 6 жылдан бері күрмеуі шешілмей келе жатқан Сириядағы азамат соғысын тоқтату мақсатында әлемдік қауымдастық Қазақстанның төрінде бас қосты. Екі күнге созылған келіссөздер толықтай соғысты тоқтатып тастамаса да алғаш күткен нәтижелерін берді дейді шетелдік сарапшылар.

Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

Келіссөздер үстеліне Сирия, Ресей, Түркия және Иран секілді төрт елдің өкілдері отырған болатын. Иран Ислам Республикасының сыртқы істер вице-министрі Хоссейн Джабери Ансаридің пікірінше, Астана процесі Сириядағы соғысты тоқтатуды жеделдетуі тиіс. Бұл туралы ол «Қазақстан» арнасына берген сұхбатында мәлімдеді. Назарларыңызға Иран билігінің өкілімен болған осы сұхбаттың жазбаша нұсқасын ұсынамыз.

– Астана процесі деп аталған келіссөздар қалай өтті? Жалпы жиыннан не күттіңіздер? Келісімге жету үшін қандай талпыныстар жасалды?

– Сіздің сұрағыңызға жауап бермес бұрын Қазақстан халқына және үкіметіне, президент Нұрсұлтан Назарбаевқа Астана процесін өткізуге жағдай жасағаны үшін алғыс білдіремін!

Сирия дағдарысы 6 жылға созылды, оған қатысты бірқатар отырыстар өткізілді. Сирия дағдарысын реттеу бойынша Мәскеудегі үшжақты, яғни Ресей, Түркия және Иран елдері келісімі аясында Астанада жиын өтті. Өздеріңіз білесіздер, Мәскеудегі процесс үш елдің сыртқы істер министрлерінің мәлімдемесімен аяқталған болатын. Ол дәл осы Сирия дағдарысын реттеуге арналған болатын.

Астана процесінің ерекшелігі оның құрамында бұл жолы Ресей, Түркия және Иранмен қатар алғаш рет Сирия елінің үкімет және оппозиция өкілдері қатысты. Сирия мәселесіне қатысты келіссөздерді Астанада өткізу туралы ұсыныс жасалды. Қазақстанның салиқалы саясаты мен позитивті имиджін ескере отырып, осынау аса маңызды процесті Астанада өткізу туралы шешім қабылданды. Иран делегациясы соңғы бірнеше апта бойы Қазақстандағы әріптестермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп, Астана кездесуінің сәтті өтуіне барынша күш салды. Нәтижесінде екі күнге созылған Астана жиыны сәтті өтті.

Ресей, Иран және Түркияның қатысуымен өткен осы кездесуде алғаш рет бірнеше оппозиция топтарының өкілдері Сирия үкіметінің өкілдері бір стол басына жиналды. Олардың дөңгелек үстел басына жиналғандарының өзі аса маңызды. Өйткені, олар бұрын-соңды дәл осылай бетпе-бет жүздескен жоқ еді. Бұл Мәскеуде өткен үшжақты кездесудің позитивті нәтижесі деуге болады. Өйткені, Сирия үкіметі мен оппозиция өкілдері ортақ мәселені шешуде әртүрлі бағыт ұстанған еді. Қазақстандағы кездесу сол оппозиция мен үкімет өкілдерінің басын бір стол басына қосқан табысты қадам болды. Бұл Сирия Араб Республикасының келісім және тұрақтылыққа бет бұрғаны деуге болады.

Біраз уақыт бұрын Сириядағы қақтығыстар сәл сейілгендей болды, бұл Сирия үкіметі мен оппозициялық топтың оң шешімі. Астанадағы конференцияның өтуі сол соғыс әрекеттерінің тоқталуын күшейтуге үлес қосатын, олардың ымыраға талпындырған қадам. Осы конференцияда Түркия, Иран және Ресейдің қатысуымен ортақ комитет құрылды. Оның мақсаты соғыстың тоқтауы мен ымыраға келу процесін қадағалау. Бұл Астана конференциясының табысы деуге болады. Бұл әрине әлі ұзақ уақытты талап етеді. Өйткені Сириядағы күрмеу бір күнде шешіле қоймайды, дегенмен оның жолдары жасалды. Біз осы конференцияға қатысушылар Қазақстан үкіметіне алғыс білдіріп, сәтті қадаммен құттықтауымызға болады. Жаңа құрылған комитет Сирия дағдарысының аяқталып, халықтың бейбіт әрі тұрақты өміріне жақындайтын қадам болатынына сенемін.

Жаңа ғана сіз айттыңыз, тұңғыш рет Сирия үкіметі мен оппозициялық топ өкілдері бір стол басына жиналды деп, дегенмен Сирия сергелдеңін бастағандардың мүддесі не және оны тоқтатуға мүдделі тараптардың мақсаты не?

– Сириядағы жанжалға қатысушы барлық тараптар да, халық та соғыстан, қантөгістен шаршады. Сирия үкіметі ішкі талас-тартыстың кесірінен осындай жағдайға тап болды. Ол мәселе біртіндеп ұлғайып, әлемдік проблемаға айналып, сыртқы күштердің де араласуына ықпал етті. Сондықтан да, Сирия үшін іштегі жағдайды реттеуге бағытталған аймақтық және халықаралық шаралар аса маңызды.

Оның үстіне кездесу Қазақстан астанасында өтіп отыр. Соңғы жылдары Сириядағы жағдай, Алеппоның босатылуы және дағдарысқа қатысты процестер бұл соғысты жалғастырудың қажеті жоқ екенін көрсеткендей. Жанжалға қатысушы тараптар арасында келіссөздердің басталуы Сириядағы дағдарысты реттеуге оң әсер етеді деген үміттемін. Олар халықтың талаптарын ескере отырып, өзара ымыраға келеді деген ойдамын.

Сирия халқы басқа елдер сияқты тыныш, бейбіт өмір сүруге мүмкіндігі бар. Онсыз да олардың өмірі өте ауыр, жанкешті күйде, талай қиындықты бастан кешіруде. Осы кездесудегі гарант етуші елдер және Астана процесіне алаң ұсынған Қазақстан да бұл кездесудің табысты болуына мүдделі болды. Өздеріңізге айтқандай, бұл Сирия елін бейбіт өмірге апарар алғашқы қадамдардың бірі деуге болады.

Жалпы соңғы 7-8 жылдың төңірегінде Араб әлемі ала тайдай бүлінді. Тіпті Сирия елі бірнеше бөлікке бөлінеді деген де болжам бар. Бұл АҚШ пен Ресей теке-тіресінің нәтижесі деп баға беретіндер көп. Неге бір дін өкілдері осылайша қырық пышақ болады? Себебі не? Саясат па әлде шынымен билік көксеушілік пе?

– Әрине, мұсылман елдерінің бір-бірімен осылай қырқысуы өкінішті. Жалпы алар болсақ, Сириядағы дағдарыс ішкі саясат, сыртқы аймақтық тұрғыдан алсақ та бұрыннан бар қиын мәселе еді. Ішкі тұрақсыздық, аймақтағы жағдай және халықаралық мәселенің барлығы Сириядағы дағдарысқа әкеп соқты. Кейбір сарапшылар мұсылман әлемінің өзгеруін талдағанда ішкі факторлардаы атаса, кейбіреулері сыртқы күштерді алға тартады. Мен де Сирия дағдарысына талдау жасарда ішкі факторлардың әсерін айтар едім, сыртқы күштердің де әсерін жоққа шығаруға болмайды. Мұсылман әлемінде Араб көктемінің туындауына әсер еткен ішкі фактор ретінде қауіпсіздік пен даму тепе-теңдігінің бұзылуын айтуға болады.

Алпыс жыл бұрынғы Палестинадағы оккупациядан кейін мұсылман әлемінде қауіпсіздік күшейтілді. Сәйкесінше саяси даму емес, қауіпсіздікті сақтауға барынша күш салынды. Оған қоса бірқатар халықаралық деңгейдегі мәселелер араб әлеміндегі жағдайды шиеленістіре түсті. Дәл осы шиеленістің туындауына  ұлттың тоқырау, үкіметке деген халық сенімнің жоқтығы, саяси дағдарыс және тиімсіз жүйе әсер етті. Осындай ішкі факторлар араб әлемінде тұрақсыздық орнатты. Оған қоса сыртқы күштердің ықпалы мен дамудың жоқтығы осы шиеленіске әкеп соқты. Мен араб әлеміне осындай анализ жасар едім.

Сирия әлеміне келсек, мен атап өткен мәселелермен қатар, дағдарысқа әкеп соққан басқа да фактор бар. Ол – сыртқы саясат. Сирия соңғы жылдары аймақта тәуелсіз бағытты ұстанған болатын. Бұл да жағдайды ушықтыра түсті. Сирияның сыртқы саясаты кейбір араб әлеміндегі қарым-қатынасқа әсер етті. Сондықтан да, бұл өзі де шиеленісіп тұрған отқа май құйғандай болды.

Кеше ғана Астана процесіне Сирия мәселесін шешуге қатысты біраз механизмдер анықталды. Дегенмен, осы Сирия, жалпы араб әлемінде тұрақтылықты реттеу үшін қай тараптан нақты қандай қадамдар жасалуы керек?

– Меніңше араб әлемінде тұрақтылықты қайта орнату үшін басты фактор – әр мемлекет қауіпсіздік саясаты мен даму саясатын тең ұстау керек.

Ал, Астана кездесуі мен жалпы процеске келсек, Сирия дағдарысын реттеу үшін екі жолды қарастыруға болады. Біріншісі, жаңа ғана айтқан Сириядағы қақтығыстың тоқтауын қадағалайтын комитет құру. Осы жолы үш мемлекеттің мәлімдемесі бойынша бұл комитет құрылды. Оның жоспары жасалып, комитеттің алғашқы отырысы болып өтті. Енді болашақта оның орындалуын қамтамасыз ету керек. Үш мемлекет Астанада бұл мәселе бойынша пікір алмасып тұруға келісті. Бұл Астана процесінің жүзеге асуын байқатады.

Екінші жолы, қарулы оппозициялық топ пен Сирия үкіметінің тіл табысып, ортақ мәмілеге келуін қамтамасыз ету. Бұл ретте алғашқы қадам жасалды, оған өздеріңіз куә болғандай оппозиция мен үкімет өкілдері бір үстел басына жиналды. Бір мәмілеге келу процесінің сәтті жүзеге асуын тездету керек. Біз бұл ретте Ресей және Түркиямен бірігіп жұмыс істейтін боламыз. Бұған Астана қаласы да алаң ретінде оң ықпалын тигізеді.

Бір айта кетерлік жәйт, үштік пен Астана процесі Сирия мәселесін реттеу жөніндегі басқа да халықаралық отырыстардың орнын баспауы тиіс. Үш гарант мемлекет пен осы кездесуді ұйымдастырушылар Астана процесін осыған дейінгі болған және алдағы уақытта жоспарланып отырған келіссөздер мен отырыстарды толықтыра түседі. Сондықтан, осы үш мемлекеттің өз мүмкіндігі және ықпалы бар.

– Сирия мәселесіне қатысты осы уақытқа дейін де бірнеше рет отырыстар, келіссөздер болды. Астана процесінен кейін алдағы уақытта Женевада кездесу болады. Жалпы, осы Сирия мәселесінің оңтайлы шешілуінде Иран Ислам Республикасының үлесі қандай? Рөлі қандай? 

– Иран Азия батысындағы ықпалды ел ретінде Сирия дағдарысы басталғанда-ақ мұнда әскери шешім жоқ деп сенгенбіз. Сондай-ақ, Сирия күйзелісін саяси жолмен шешу керек деп санадық. Өкінішке қарай, кейбір аймақтық және халықаралық деңгейдегі ықпалды елдер мен Сириядағы кейбір топтар бұл мәселені әскери жолмен ғана шешу керек деп қарастырды. Тіпті, кейбір ойыншылар әскери шешімнің уақытын да белгілеп қойған еді. Сондықтан, біз әу бастан бұл дағдарысты саяси жолмен шешу керек деп санайтындықтан қазіргідей келіссөзді құптаймыз. Өйткені, дағдарыс ешкімге жақсылық әкелмейді.

Әскери қақтығыс, ішкі шиеленіс, саяси-экономикалық дағдарыс Сирия халқына да, оған ықпал етіп отырған сыртқы күштерге де, ішкі қарулы топ пен оппозицияға да, үкіметке де, ислам әлеміне де еш жақсылық әкелмейді. Сондай-ақ, халықаралық ойыншыларға да еш пайдасы жоқ. Мүмкін кейбір аймақтық ойыншылар терроризм арқылы мақсатқа жетеміз деп ойлаған болар. Бірақ бұл дағдарыс, терроризм тек Таяу Шығыста  ғана емес, басқа елдерге де ауып кетуі мүмкін. Парсы елінде «шыны үйде отырған адам басқаларға тас лақтырмайды» деген нақыл сөз бар. Біз осы өзара ымыраласу арқылы, Ресей, Түркия және Иран үштігі аясында алдағы уақытта бұл дағдарысты жоя аламыз деп үміттенеміз. Біз Иран елі осы жолда барынша күш саламыз.    

Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңіз алғыс білдіреміз!

– Менің де сіздерге алғыс айтқым келеді. Қазақ халқына және үкіметке, қазақ президентіне бақыт тілеймін!

Сұхбаттасқан Әйгерім Ағылтаева.

Оқи отырыңыз

‡àãðóçêà...

Соңғы жаңалықтар