Сұхбат 05.05.2017 сағат 12:13  2037

Манас Рамазанов: «Медициналық сақтандыру жүйесінің ең жақсысын таңдап алдық»

Биыл 1 шілдеден бастап елімізде «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заң күшіне енеді. Көп уақыт бойы талқыда болып, былтыр қабылданған осынау заң жобасы халыққа не береді? Яғни, міндетті сақтандырудан тұрғындар қандай пайда көрмек? Бұл жүйені жүзеге асыру механизмі қандай болады? Бұл туралы Алматы қаласы №1 қалалық клиникалық аурухана бас дәрігері Манас Рамазановтан сұрап білдік.

- Манас Ембергенұлы, биыл 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілетін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жобасы халыққа қаншалықты пайдалы? Қай жағынан ұтамыз? Қандай кемшін тұстары бар?

- Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың екі түрлі маңызын айтып өтейін. Халыққа пайдалы болары сөзсіз. Бұл аты айтып тұрғандай – әлеуметтік сақтандыру. Қорға алғашқы жарнаны мемлекет аударады. Бұрын медицина саласына ақша тек мемлекеттік бюджеттен түсетін. 1 шілдеден бастап сол қаражатқа қосымша әрбір жұмыс беруші мекеме қызметкері үшін оның жалақысы есебінен ақша аударатын болады. Яғни, әрбір мекеме қызметкеріне жалақысының 1 проценті есебінде қорға қаржы бөліп отырады. 2018 жылдың 1 қаңтарында медициналық сақтандыру қорына бөлінетін ақша көлемі 1-ден 1,5 процентке дейін артуы тиіс. Ал 2019 жылы әр жұмысшы жұмыс берушіден бөлек сақтандыру үшін жалақысынан 1 процент төлейді. 2023 жылға дейін қорға құйылатын ақша 2 процентке өседі. Яғни, медицина саласына бөлінетін ақша көбейеді. Қаржы көбейсе, мекемелердің жағдайы сөзсіз жақсарады. Керек құрал-жабдықтар сатып алынып, жаңадан заманауи аппараттармен қамтамасыз етіледі. Мамандардың біліктілігін арттыру алдыңғы орынға қойылып, сапаға жұмыс істей бастайды. Жастарды шетелге оқуға, тәжірибе алмасуға жіберу мүмкіндігі артады. Шетелден мамандар шақыруымызға да болады. Өздеріңіз білесіздер, медициналық мекемелерді жөндеу жұмыстары, заманауи технологиялармен жабдықтау – барлығы қаржыға келіп тіреледі. Халық үнемі сынайтын дәрігерлер қызметінің сапасы да артады. Емханада бұрынғыдай ұзын-сонар кезек болмайды. Барлығы алдын ала тіркелген, кім қайда емделетінін өзі таңдай алады. Медицина саласының жағдайы жақсарса, халықтың да денсулығы түзелетіні сөзсіз. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жоғары деңгейдегі медициналық көмек алуға бастайтын бірден-бір жол деп қарау керек.

- Жаңа технология енгізіледі деп айтып жатсыз. Дәл қай салаларға ерекше көңіл бөлінеді?

- Бізде барлық сала дамып жатыр. Ешқайсысы бір орында тұрмайды. Кардиохирургия болсын, ағза алмастыру болсын, ауыз толтырып айтатын жетістігіміз көп. Негізінен медициналық сақтандыру жұмыстары басталса, бөлінетін ақша 30 пайыздан асады деген үміттеміз. Айта кету керек, мемлекет әлеуметтік жағынан әлсіз топтарды ұмыт қалдырмай, оларды өз қамқорлығына алады.

- Иә, халықтың белгілі бір тобы үшін медициналық сақтандыру қорына қаржы құюды мемлекет өз мойнына алатыны белгілі. Олар кімдер және оларға көрсетілетін тегін көмек пен ақылы қызмет арасында қандай айырмашылық болады? Тегін көмектің сапасын кім бақылайды?

- Халықтың әлеуметтік әлсіз тобы үшін 2018 жылдың 1 қаңтарынан төленетін жарнаның мөлшерлемесі еліміздегі орташа айлық жалақының 3,75 пайызына тең. Мемлекет өз жауапкершілігіне алатын 15 топ бар. Олардың жалпы саны – 10 миллион. Кәмілетке толмаған балалар, зейнеткерлер, мүгедектер, оқушылар, көпбалалы аналар, студенттер, әскери борышын өтеп жатқандар. Ал тегін көмектің сапасына келер болсақ, қор ішінде заң бөлімі болады. Әрбі науқастың ауру тарихын зерттеп, бақылап отырады. Қор оларға ақша бөліп отыратын болғандықтан барлық нәрсе жіті қадағаланады. Науқастарды қолдау қызметі бар. Сонымен қатар, түрлі сайттар ашылған. Алматы бойынша мысалы almatyzdrav.kz сайтын алайық. Науқастар мұнда көңілі толмаған дүниелерді ашық жазып, құқықтарын қорғай алады.

- Тегін көмек алатын топ сақтандыру қорына қалай тіркеледі? Тұрғылықты мекен-жайы бойынша тіркелуден бастай ма?

- Олар өздеріне ыңғайлы емханаға барады. Зейнеткер болса, сол мәртебесін көрсетсе жеткілікті. Жұмыссыз жүргендер ресми түрде жұмыссыз екенін көрсететін анықтама алуы қажет. Олар үшін міндетті жарнаны мемлекет мойнына алады. Елімізде екі миллионнан аса өзін-өзі жұмыспен қамтушылар бар. Базарда, вокзалда жүргендер. Солардың мәртебесін анықтау қиын боп тұр. Олар медициналық көмексіз қалуы мүмкін. Ең бастысы, міндетті түрде тіркелу керек. Әрбір азамат өзі тұрған жердегі емханаға тіркеледі және мәртебесін белгілейді. Бар болғаны осы, еш қиындық жоқ.

- Үшінші кезең басталғанымен әлеуметтік медициналық сақтандыру жайлы халық толық білмейді. Тіпті түсінбейтіндер көп. Жалпы ақпараттандыру, түсіндіру жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр?

- Қазір түсіндіру жұмыстарының үшінші кезеңі басталды. 2015 жылдың қараша айында президент «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» ҚР заңына қол қойды. Содан бері бір жарым жыл уақыт ішінде түсіндіру жұмыстары қолға алынды. Оған медицина саласының мамандары, мемлекеттік қызметкерлер, әлеуметтік жұмысшылар атсалысып келеді. Жоспарланған кешенді істер атқарылып жатыр.

- Нақты қандай жұмыс істеліп жатқанын мысалға келтіріп беріңізші?

- Қазір әрбір ауданда, әрбір қалада жұмысшы тобы бар. Әкімшіліктің қызметкерлері де жүр. Әрбір медициналық мекемелерде осы халыққа түсіндіру жұмысына жауапты адамдар бар. Олар белгіленген кесте бойынша белгілі бір жұмысты атқарады. Мысалы, біз Наурызбай ауданында мемлекеттік қызметкерлермен, жеке меншік компания жұмысшыларымен де кездесеміз. ЖОО студенттерімен де арнайы жолығып қайттық. Әрине, барлық саланы қамтыдық деп айта алмаймыз. БАҚ, интернет арқылы да таратуға тырысамыз. Бұл мәселеде журналистердің көмегі керек.

- Журналистердің өзі бұл тақырыпқа қатысты толық білмейді. Кейде нақты ақпарат алу мүмкіндігі бола бермейді. Жалпы халықты ақпараттандыруды жеңілдету мақсатында журналистер үшін арнайы тренингтер, іс-шаралар ұйымдастырыла ма?

- Дұрыс айтасыз, журналистер де бұл тақырыпқа қатысты толық хабардар емес. Халық тарапынан да сұрақ көп. Бізге, медицина саласында істейтін адамдарға көп жауапкершілік түсіп тұр. Сондықтан қазір біз де жеделдікті арттырдық. Денсаулық сақтау министрлігінің, қалалық әкімдіктің өкілдеріне есеп беріп отырамыз.  

- Тек кездесумен шектеліп қалмайтын шығарсыздар? Маман ретінде түсіндіру жұмыстары үшін қандай ұтымды тәсіл ұсына аласыз?

- Меніңше, журналистермен етене тығыз байланыста болып, БАҚ арқылы халыққа қарапайым тілмен айту қажет. Ең ұтымды жолы осы. Теледидар, интернет арқылы. Нақты атқарылған жұмыстарды да көрсетіп отыруды ұмытпағанымыз жөн. Мойындау керек, біраз адам медсақтандыруды жайлы білмейді. Білмеген соң пайдасы жайлы мүлдем ойламайды. Кездесулер болады, әрине. Бірақ оған барлығы бірдей келе бермейді. Көпшілігінің жұмыстан қолдары тимейді. Әлеуметтік қызметкерлер Халыққа қызмет көрсету орталықтарында да жұмыс істеп жатыр. Кімдер тегін көмек ала алады, кімнің мәртебесі қалай бекітеледі? Осы сұрақтарға жауап береді. Одан бөлек, әрбір үйге жеке-жеке кіріп, анықтама толтыртады.

- Бұл еліміздің міндетті медициналық әлеуметтік сақтандыру жүйесін енгізуге деген екінші талпынысы. Бірінші реформа сәтсіз аяқталды. Бұл жолғы жүйенің өзгешелігі неде?

- Біріншіден, ол кезде экономикалық жағдай басқаша болды. Қаржылай қиындықтардың кесірінен алғашқы жарна жиналмай қалды. Екіншіден, халықтың жағдайы қиын еді. Ол кезде жарнаны жинауды мемлекет өз мойнына алған болатын. Ал қазір әрбір жұмысшы 2019 жылдан бастап өзі үшін төлейді. Оның көлемі 1-ден 3 процентке дейін артады. Барлығы ел экономикасына байланысты. Бұрынғыдай жедел жәрдем көмегі тегін болып қала береді. Қазақстан тұрғыны боласың ба, шетелден келген азаматсың ба, айырмашылығы жоқ. Ал жоспарлы кешенді көмек қор арқылы жүргізіледі. Адамдардың емханаға тіркелген мәртебеіне байланысты.

- Әлемдік тәжірибеде медициналық сақтандыру жүйесінің бірнеше үлгісі бар. Мысал ретінде сақтандыру міндетін жұмыс беруші өз мойнына алған Құрама штаттарды немесе медициналық салық енгізген Израильді алсақ болады. Ал қазақстандық медициналық сақтандыру жүйесі қалай жасалды?

- Негізі әлем бойынша сақтандырудың үш үлгісі бар. Ағылшындық-америкалық, оларда жекелей сақтандыру басым. Яғни, жекелей сақтандыру компанияларынан ақша  түседі. Екіншісі - француздық-германиялық жоба. Ал біздікі аралас деп атауға келеді. Ең жақсысын таңдап алдық. Сингапурды алсақ, ол жақта жинақтық, қорға түсіп жатқан ақша көбейе береді. Пайдаланбасаң, жұмсамасаң, өсе түседі. Жыл сайын, ай сайын. Көлікке жыл сайын сақтандыру үшін ақша төлейміз ғой. Апатқа түссең де, түспесең де жаңа жылда қайтадан сақтандыру жасайсың. Медициналық сақтандыруда да тура сондай. Біздікі бюджеттік сақтандыру. Дәрігер ретінде таңдап алған үлгіміз басқалардан еш кем емес деп толық сеніммен айта аламын. Мұндағы мәселе – алғашқы жарнаның жиналуында. Халық мәртебесінің толық әрі нақты анықталуында. Жұмысы барлар өздерін жұмыссызбын деп көрсетуі мүмкін ғой. Шынында да жұмыссыз жүрген адам ба әлде жұмыс істеп салық төлеуден жалтарып, мемлекеттен ақша алғысы келіп отыр ма? Мемлекет бұл үлгіні енгізу арқылы екі түрлі мақсатты көздейді: медицина сапасын көтеру және осындай салық төлеуден жалтаратындар санын азайту. Өйткені, бізде ақшаны қолға алатындар көп. Қолына 100 мың алады, ал қағазда 10 мың деп көрсетеді. Осыған тосқауыл қоймай, көлеңкелі экономиканы жоймай, дамымайтынымыз анық. Ашықтық керек. Әйтпесе, қорға жиналуы тиіс ақша көлемі шықпай қалуы әбден мүмкін. Қарап отырсақ, Жапония, Америка елдері сақтандырудан басқа жол көріп отырған жоқ. Ең басты мақсат – халыққа дұрыс ақпарат жеткізу. Тиімді тұстарын айту. Неліктен керек екенін түсіндіру. Медициналық көмек барлығына керек. Бас тарту мүмкін емес. Әлем елдері, оның ішінде дамыған елдер таңдаған жолдан не үшін бас тартуымыз керек?

- Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан Гүлназ Сатыбалдықызы

Соңғы жаңалықтар