Сұхбат 29.05.2017 сағат 09:16  895

Артур Бартель: «Қазақ тілімен достығым 8 сыныптан басталды»

Қазақстан – ұлттық татулық пен бірлікті ту етіп ұстанған мемлекет. Сондықтан болар, елімізде жүзден аса ұлттың өкілі ұйыса, бір-бірімен жарасым тауып, бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп келеді. Әрбір ұлттың этномәдени бірлестігі, орталығы бар. Біз қазақстандық ұлттар бірлігі мен этнобірлестіктердің бүгінгі хал-ахалуы, атқарып жатқан істері жайлы білмек үшін Қазақстан неміс жастары Одағының төрағасы Артур Бартельмен әңгімелескен едік.

Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

- Артур мырза, әңгімемізді неміс жастары одағының жұмысы жайлы бастасақ. Бірлестік ұлт бірлігін нығайту мақсатында қандай іс-шаралар жүргізіп жатыр?

- Біздің этнобірлестіктің қызметін санқырлы деп атауға болады. Жұмыс ауқымы өте кең. Он бағытта жұмыс істейміз. Ол жастармен жұмыстан басталып, мәдени, білім беру, тіл үйрету, әлеуметтік бағыттағы іспен жалғасын табады. Азаматтық белсенділікті арттыру да маңызды мәселе. Оны ұмыт қалдырған емеспіз. Германия мен Қазақстан арасында көпір бола отырып, ұлттық татулықты нығайтуға барынша үлес қосуымыз қажет. Бұл Қазақстан президентінің бізге артқан негізгі міндеті. Бізге артылған жауапкершілік. Бүгінгі таңда Қазақстанда 180 мың неміс азаматы тұрады. Айта кету керек, облыстық қоғамдастығымызға өзге ұлт өкілдері де тіркелген. Олар неміс халқының мәдениетін, тілін, дәстүрін үйренгісі келеді. Әсіресе, Қазақстан неміс жастары одағының клубына келушілер қатары қалың.

- Неміс тілін, салт-дәстүрін үйренуге ынталылар көп екен. Ал сіздердің этнобірлестіктеріңіз қазақ тілін үйрету үшін арнайы курстар ұйымдастыра ма? Бірлестік өкілдері мемлекеттік тілді меңгеруде қаншалықты белсенді?

- Иә, біздің этномәдени бірлестік мемлекеттік тілді меңгеру мәселесіне баса көңіл аударады. Негізгі міндетіміз – бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу. Ал бәсекеге қабілетті дегеніміз бірнеше тілді, оның ішінде, қазақ тілін жетік меңгерген жастар тобын қалыптастыру деген сөз. Сондықтан да, қазақ тілі мен неміс тілін қатар үйретеміз. Одан бөлек, мемлекеттік тапсырыс пен ұлттық жаңғыру жобасы бойынша мектеп оқушыларына арналған курстар да бар.

- Ал қазақ тілінің мәртебесін көтеру мен ұлттық татулықты нығайту жолындағы Қазақстан халқы Ассамблеяның жұмысына қандай баға бересіз?

- Қазақстан халқы Ассамблеясының ұлттық мәселеде алар орны ерекше. Президентіміздің бастамасымен құрылған бұл институттың маңызы жоғары, атқарып жатқан істері ұшан-теңіз. Ассамблея – халықтың дауысы, көзі деуге болады. Байқасаңыз, бүгінгі таңда бағдарламалар мен реформаларды, өзге де маңызды мәселелерді түсіндіру жұмыстарының басы-қасында Ассамблея мүшелері жүреді. Кез келген бағдарламаны түсіндіру, халыққа жеткізуде алда келе жатыр десек артық айтпаған болармын. Ассамблея жобаларының басым бөлігі мемлекеттік тілдің аясын кеңейтуге бағытталған. Сондықтан болар, Ассамблея мен қазақ тілін бір-бірінен бөле-жара қарастыра алмаймын.

- Қазақша жақсы біледі екенсіз, қалай, қашан үйрендіңіз?

- Менің қазақ тілімен достығым 8 сыныптан басталды. Ол кезде орта мектепте оқып жүрген кезім. Қазақ тілі пәнінің мұғаліміне мені «Абай оқуларына» қатыстыру жайлы ұсыныс айтылыпты. Қазақ тілін сол күннен бастап үйренуді қолға алдым. Ал қазақ тілін меңгеруде жеткен жетістіктерім үшін мен ұлы Абайға қарыздармын. Оның ақындығы мен кемеңгерлігіне баға беретін мен емес, ол баяғыда мойындалып қойған тұлға. Алайда, оның артында қалдырған мұрасы әлі талай ұрпаққа жарық сәуле болары сөзсіз. Онымен қоса, мен біздің қазақстандық неміс Герольд Бельгерді ерекше құрмет тұтамын. Ол неміс жастарының қазақ тіліне, қазақ халқына деген махаббатын оятып, ісімен, сөзімен барлығымызға үлгі бола білді.

- Сегізінші сыныптан бастап қазақ тілін үйренсеңіз, қазақша көп кітап оқыған боларсыз?

- Иә, көп кітап оқыдым. Бірақ қазір оның барлығының атын атап, түсін түстей алмаймын. Бәрі бірдей есімде де жоқ. Ал солардың арасындағы ең сүйікті кітабым – «Абайдың қара сөздері». Мен оны Библия кітабындай қадірлеймін, үнемі жұмыс үстелімнің үстінде жатады.

- Ал қазақ халқының салт-дәстүрін жақсы білесіз бе?

- Әрине, қазақ халқының ұлттық дәстүрлерінің басым бөлігімен таныспын. Себебі, осы ортада өстім, бойыма сіңірдім. Қазір мен белгілі бір мөлшерде қазақпын деп айта аламын. Өйткені, қазақ деген керемет халықтың жақсы қасиеттерін үйренуге, бойыма сіңіруге барынша тырыстым. Қонақжайлылық пен жомарттықты үйрендім.

- Иә, әр халықтың өз ерекшелігі бар. Осы ұлттар ерекшелігі насихатталатын бірлік күні қарсаңында сіздердің этнобірлестіктеріңіз қандай іс-шараларды өткізді?

- Бірлік күні – біздің ең сүйікті әрі кәсіби мерекеміз. Осы мереке қарсаңында Қазақстан халқы Ассамблеясыныңң сессиясы өтті. Елбасымен, Ассамблея өкілдерімен кездестік. Сессия барысында жыл сайын біржылдық жұмыс жоспарын бекітеміз. Ал мерекеге келер болсақ, бұл өзге этномәдени бірлестік өкілдерімен кездесіп, сұхбаттасатын, көңіл көтеріп, ән айтып, би билейтін мейрам. Халық бұл күні алаңдарға келіп, көңіл көтереді. Барлық ұлт өкілдері өздерінің ұлттық киімін киіп, салт-дәстүрін жаңғыртып, өз тілдерінде ән салады.

- Мәдени шаралардан бөлек Қазақстандағы саяси-қоғамдық оқиғаларда белсенділік танытып, ұстанымдарыңызды білдіресіздер ме?

- Қазақстанның саяси-қоғамдық өміріне қатысып, өз позициясын білдіру –  әрбір этнобірлестік үшін маңызды дүние. Себебі, біз әлем алдында Қазақстан имиджіне жауаптымыз. Ал беделіміздің жоғары болуы әрбір қазақстандық азаматқа тікелей байланысты. Ал сіздің сұрағыңызға келер болсақ, біздің неміс этносының өкілдері бизнес құрылымдарында, өзге де қоғамдық жұмыстарда үлесін қосып келеді. Үкіметаралық комиссия жұмысына да қатысамыз.

- Бірлестіктің болашақтағы жұмыс жоспары қандай?

- Қазір біздің бәріміз бірге мемлекеттік маңызы жоғары халықаралық деңгейдегі ЕХРО – 2017 көрмесін абыроймен өткізуіміз керек. Көрме кезінде Қазақстан үшін неміс халқының қосқан үлесі жайлы таныстырылым жасаймыз. Бұл біздің халықтық мұраларымыз, ғылыми және әдеби еңбектеріміз. Оған қоса, ЕХРО шеңберінде өтетін неміс мәдениетінің фестивалін атап өтуге болады. Ал неміс жастар одағының жұмысына келсек, алдымызда «Неміс жастарының Қазақстан-Германия-Ресей форумы» мен Еуропа мен Азияда неміс жастарының форумын өткізу міндеті тұр. Қазір соған дайындық үстіндеміз. Ісіміз абыройлы болып, еліміздің беделі арта түседі деген үміттеміз.

- Сұхбатыңызға рақмет!

Г.Сембиева

Оқи отырыңыз

‡àãðóçêà...

Соңғы жаңалықтар