Сұхбат 30.05.2017 сағат 14:00  2194

Өмірзақ АЙТБАЕВ, «Қазақ тілі» қоғамының президенті, академик: Нақты шешім жасайтын дәуірге жеттік

Әлемге көпұлтты, толерантты ел ретінде танылған Қазақстанда әр жылдың 1 мамыры Қазақстан халықтарының бірлігі күні ретінде жарияланып, мемлекеттік деңгейде аталып өтетіні белгілі. Жыл сайын атаулы мерекеде Қазақстан аумағында тұрып жатқан 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері киелі қара шаңырақта тату-тәтті, береке мен бірлікте, бейбітшілік пен ынтымақта өмір сүріп жатқандығын тойлайды.

Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

Енді осы ұлттар мен ұлыстардың басын біріктіретін «Қазақ тілі» қоғамы жайында көп айта бермейміз. Аталған ұйым еліміздегі барлық этностардың теңдігін сақтауға атсалысумен қатар, қазақ тілінің, мәдениетіні, өнерінің, дәстүрінің дамуна да елеулі үлесін қосып келеді. Қоғамның президенті, тіл жанашыры Өмірзақ Айтбаев ағамыз жуырда редакциямыздың тілшілеріне сұхбат беріп, елдегі ұлтаралық қатынастар туралы, қазақ тілінің қазіргі жағдайы мен латын әліпбиіне көшу мәселелері туралы айтып берген еді.

– Өмірзақ Айтбайұлы, ел егемендігін алмай тұрып тіл мәселесінің қамып ойлап, талай түйткілді проблемаларын айтып та, жазып та келесіз. Ана тіліміздің бүгінгі мәселесі неде?

 – Расында, мені талай жылдан бері мемлекеттік тіл мәселесі мазалап келеді. Әлі де болса мемлекеттік тіл – қазақ тілінің мәселесі толықтай шешілмей отыр. Қазақ тілі өз биігіне көтеріліп, туы биіктен желбіресе екен деп тілеймін. Ресми мекемелердің барлығы тек қазақ тілінде сөйлесіп, құжат­ алмасулардың барлығы қазақ тілінде жүзеге асса деген де арман бар. Үлкен биік мінберлерден бастап, көшедегі жастардың тіліне дейін қазақ тілінде болса, менің көңілім жайланар еді. Екіншіден, ғалым ретінде қазақ ғылымы көтерілсе деймін. Ғылым саласының жетер жетістіктері биік болса деп тілеймін. Үшіншіден, ұлтымыздың басты құндылығы – Тәуелсіздік мерекесі өз дәрежесінде тойланғанын қалаймын. Әлі де болса Тәуелсіздік мерекесінің жаңа жыл мерекесінің көлеңкесінде қалып кетіп жатқаны қынжылтады. Тәуелсіздіктің қаді­ріне жете алмай отырғандай боламыз. Келер жылы осы жоғарыда аталған мәселелердің бір қадам болса да шешілуіне жағдай жасасақ екен. Сонда алаң көңілім тынышталар еді. Тіл мәселесінің жылдар бойы шешілмей келе жатқаны қынжылтады. Кез келген судья басқа тілді білмесе де, қазақ тілін жетік білуі керек. Сондықтан, судьяларды қызметке алар алдында мем­лекеттік тілде емтихан тапсыруды міндеттеу керек. Ал қазақ тілін білмейтін судьялар үшін аудармашы жалдап, оларды тым еркелетудің қажеті жоқ. Қазір қоғамда тілге қатысты жалтақтық жетерлік. Мәсе­лен, «Мемлекеттік тілде жазылған өтінішке мемлекеттік тілде жауап берілуі керек» деп заңда жазылған. Әйтсе де, әлі күнге іс қағаздарының көбі орыс тілінде жүріп жатыр. Бұл жерде мемлекеттік тіл құқығының бұзылғанына ешкім бас ауыртып жатқан жоқ. Сондықтан, ендігі жерде біз бар­лық саланы қазақ тіліне көшіру үшін әр нәрсені сылтаурата бермеуіміз керек. Ұлт мүддесі бәрінен жоғары. Тілге қатысты жауап­кершілікті күшейтіп, қатаң талап қоя білмесек, біз тіл мәселесін алдағы 20 жылда да шеше алмаймыз.

– Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру атты мақаласында латын әліпбиіне көшу туралы үлкен мәселеге тоқталды. Бұл турасында не дейсіз?

– Елбасының  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын оқып шығып, үлкен әсер алдым. Бұл – бүкіл ел мәдениетінің тарихын, рухани мәдениетінің тарихын дәл өлшеп пішіп, кемелденген азаматтың ойлары. Әсіресе, көптен күтіп жүрген латын қарпіне көшу, жазуымызды қалыптастыруға байланысты айтылған  мәселесі орынды көтерілді деп ойлаймын. Мемлекет басшысы 2012 жылы желтоқсан айында жария еткен «Қазақстан-2050» Стратегиясында «2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз  керектігін» мәлімдеген болатын. Сондықтан бұл мақаласында  Үкіметке нақты тапсырма бере отырып, қай уақытта, қалай латын қарпіне өтетінімізді айтып отыр. Яғни, 2025 жылға қарай іс қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліпбиімен басылады деген сөз. Бұл қоғамдық ғылымдар үшін міндеттелетін үлкен шара болары анық. Әсіресе, Тіл білімі институтына үлкен жауапкершілік артып отыр. Елбасы биылғы жылдың соңына дейін қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау жөнінде, 2 жылда ұйымдастыру және әдістемелік жұмыстар жүргізілетіні айтылған. Әрине, бұған үлкен дайындық керек.

Елбасы жаңа тұрпатты жаңғырудың басты шарты – ұлттық кодты сақтау екенін баса айтып, онсыз жаңғыру дегеніңіз – құр жаңғырық дегені орынды. Мақалада айтылған ойлардың тереңдігінен Елбасының тарихты терең білетіндігі, сонау түркі  халқының көне жазуынан бастап барлығын ой елегінен өткізе  айтқанын байқау қиын емес.

Расында халқымыз небір аласапыран замандарда көп қиындық көрді. Араб жазуынан латынға, латыннан кириллицаға көшіп жүре тұра халқымыз білімге ұмтылысының арқасында ешбір халықтан қалыс қалған жоқ. Бұл біздің жоғары мәдениеттілігімізді аңғартса керек. Ал бүгін міне, тәуелсіз елде есімізді жинап, өз жазуымызды қалыптастыруымыздың сәті келген сияқты.  Себебі, оң мен солымызды әбден танып, өткеннің кемшіліктері мен жетістіктерін  бойымызға сіңіріп нақты шешім жасайтын дәуірге жеттік.  Сондықтан бұл Елбасының сарабдал саясатының аясында жасалған үлкен қадам.

– Уақыт тауып, сұхбаттасқаныңызға көп рахмет!

Г.Сембиева.

Оқи отырыңыз

‡àãðóçêà...

Соңғы жаңалықтар