Сұхбат 07.08.2017 сағат 03:58  977

Дәурен БАБАМҰРАТОВ: «Қоғамдық кеңес – халық пен билік арасындағы дәнекерлеуші»

Осыдан 1,5 жыл бұрын «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында республикада қоғамдық кеңестер құрылды. Бұл мемлекеттің халық алдында есеп беруін қалыптастыру жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асырудың бір бағыты.

Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

Көпшілігіміз оның қызметі туралы түсіне бермеуіміз мүмкін. Дегенмен, Қоғамдық кеңес бүгінде белсенді жұмыстар атқаруда. Мәселен, Алматы қалалық Қоғамдық кеңесі бір жылда бірталай істер тындырған. Бұл туралы бізге Қоғамдық кеңестің мүшесі, «Болашақ» қозғалының жетекшісі Дәурен Бабамұратов әңгімелеп берді.

- Даурен аға, жалпы Қоғамдық кеңестің мақсаты не екенін түсіндірсеңіз?

- Негізінен Алматы қаласының қоғамдық кеңесі 2015 жылы қабылданған Қоғамдық кеңестер туралы деген заң бар, сол заңға сәйкес жұмыс істейді. Мақсаты не екенін аты айтып тұр, бұл қоғамдық бақылауды күшейту, мемлекеттік құзырлы органдардағы, органдарға деген қоғамның тарапынан бақылауды күшейту. Бұл бірінші мәселе.

Екінші мәселе, мынау халықтың тарапынан мемлекеттік құзырлы органдар бар солардың қызметіне қатысты ұсыныстар жинау. Яғни жұмысты жақсартуға қатысты, қызметті күшейтуге, жұмысты күшейтуге, мемлекеттік қызметтерді жақсартуға қатысты халықтың, қоғамның тарапынан, мысалға қандай да бір ұсыныстар болатын болса, осының барлығын тікелей халықтың өз аузынан жинап, тиісті мемлекеттік органға жеткізіп, сол ұсыныстар арқылы, яғни ұсыныстар беру арқылы мемлекеттік қызметтің жұмысын күшейтуге атсалысу.

- Ал Алматы қалалық Қоғамдық кеңес қалай жұмыс істеп жатыр?

­- Қоғамдық кеңестің құрамынла сегіз комиссия бар. Жалпы, Алматы қаласында 25-тен аса басқарма бар, олар сол сегіз комиссияға бөлінген. Соның жұмысына қатысты қоғамның тарапынан ой-пікірлер жинайды, одан кейін жұмысты күшейтуге қатысты нақты ұсыныстар береді. Жалпы, қоғамдық кеңестің тарапынан осы уақыт аралығында құрылғалы бері 1,5 жылға уақыт тақап қалды. Біз бірнеше қоғамдық тыңдаулар өткіздік, әртүрлі өзекті мәселелерге қатысты 50-ден аса кездесулер өткіздік. Соның ішінде кәдімгідей көптеген ұсыныстар бердік. Мәселен, біздің үшінші комиссия осы жыл басынан бері үш мемлекеттік органға 42 ұсыныс берді. Әрине оның барлығы қабылданады деген сөз емес, бірақ та ішінен елдің пайдасына жарайтын, іліп аларлықтай дүниелер болады деген ойдамыз.

- Алматы тұрғындары Қоғамдық кеңеске сенім арта ма? Көзқарастары қандай?

- Енді бүкіл қоғам үшін, халық үшін жауап беру өте қиын. Бірақ, халық бізге сенім артады деп мен сенемін. Жалпы енді қоғамдық кеңестердің құзыры жергілікті атқарушы биліктердің тұрғысынан қарайтын болсақ, маслихаттан еш кем емес. Енді атқарылған қызметтерге қатысты жауап беретін болсам, мәселен, күні кеше ғана Алматы қаласындағы оралман статусын алуға қатысты сырттан келген қандастарымызға мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қызмет қаншалықты тиімді, нәтижелі екенін түсіндірдік. Жиынға жүзге тарта адам қатысты. Бұл әрине, Алматы қаласы қоғамдық кеңесінің қатысуымен жүзеге асты. Жиынға 70-ке жуық мемлекеттік қызметкер қатысты. Олар нақты оралмандарға қатысты мемлекеттің тарапынан көрсетілетін қызметтің сапасына тікелей жауап беріп отырды. Бір кездесудің өзінде 10-нан аса ұсыныс жинап алдық. Мұның бәрін жасап жатқан біздің үшінші комиссия. Сонда енді есептеп қараңыз, қоғамдық кеңесте 8 комиссия болса, бұл тек бір комиссияның қызметі. 

Ал халықтың бізге деген көзқарасын неден байқауға болады? Олардың бізге жазған хаттарынан байқауға болады. Көп жерден мәселесін шеше алмай, әбден сарсаңға түскен азаматтар тікелей бізге хабарласып, арыз-шағымдарын бізге жіберіп жатады. Дәл осындай арыз-шағымдардың көбеюінің өзі, бізге көп арыз-шағымдардың түсуінің өзі халықтың бізге деген сенімін көрсетсе керек.

- Алматы қалалық қоғамдың кеңесіне кімдер мүше болды?

- Негізінен қоғамда белсенділігімен көзге түскен азаматтар мүшелікке қабылданды. Кеңестің алғашқы құрамы 37 адамнан тұрған болатын. Оның ішінде 7-8 адам тікелей мемлекеттік құзырлы органдардың қызметкерлері болса, қалған азаматтардың барлығы қоғамдық саладан таңдап алынды, яғни қоғамдық ортада жүрген азаматтар.

- Осы Қоғамдық кеңестің қатысуымен Алматыда қандай нақты істер атқарылды?

- Алматыда жүзеге асып жатқан маңызды шаралардың басы-қасында жүрміз десем артық айта қоймаспын. Қоғамға қатысты, мемқызметке қатысты шараларға атсалысуға міндеттіміз. Қалада жергілікті билік тарапынан, қоғамдық үйымдар тарапынан жүздеген шаралар атқарылып жатыр ғой, олардың бәріне араласуға мүмкіндігіміз жоқ. Бірақ, халықтан келіп түскен ұсыныстар мен арыздарды түгелдей қарап, ол мәселелердің шешілуін қадағалаймыз.

- Яғни, әкімдікке қарайтын барлық басқарламалар сіздермен бірге жұмыс істейді ғой?

- Иә, әрине. Әрбір басқармадан кез келген уақытта жылына бір рет есеп алуға құқылымыз. Олар біздің алдымызда толыққанды ашық есеп беруге міндетті. Сол кезде сұрақты төтесінен қойып, мәселеге қатысты нақты-нақты жауаптар алып отырамыз. Осы аз ғана уақыттың ішінде бір жылдың ішінде біз бүкіл 25 басқармадан екі-екі реттен есеп алдық. Сонда тек қана басқармалардан есеп алудың аясында 50-ден аса кездесу өтті.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Ақбота Мұсабекқызы

Оқи отырыңыз

‡àãðóçêà...

Соңғы жаңалықтар