Сұхбат 16.07.2018 сағат 16:05  811

Біздің стратегиялық мақсатымыз «Қазпоштаны» толықтай цифрландыру – Қ. Бекенов

Еліміздегі пошта желісі ашылған күннен бастап ширек ғасыр бойына халыққа дамылсыз қызмет көрсетуде. Технология күннен күнге дамыған сайын нарық талабы күшейіп, бәсекелестік артуда. Бірі екіншісінің сағын сындыру арқылы пайдаға кенеледі, осындайда құрдымға кетпеудің бір ғана жолы бар – ол бәсекелестікті күшейтіп, бұрын болмаған тәжірибені іске асыру. Міне сондай тәжірибенің бірін «Қазпоштадан» көруге болады. Ел мен елдің, халық пен халықтың хатқалта аманатын бұлжытпай орындап отырған «Қазпоштаның» бүгінігі жайы қандай? Цифрлық технологияларды меңгеру жайы ше?

Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

Ғаламтордың онлайн жүйесі шарықтап тұрса да қалалар мен ауылдарды, елдер мен континенттерді байланыстырушы қалта қоржынын күн сайын кеңейіп отырған, баршамызға мәлім «Қазпоштаның» ішкі жағдайы, көпшілік үшін жаңартып отырған қызмет көрсету сырлары, әлем елдерінде қолданылмаған жаңа системалары жайында туындап отырған, көпшілікті қызықтыратын сауалдарға мардымды жауап алу мақсатында «Қазпошта» АҚ бизнес департаментінің директоры Бекенов Қайрат Балапанұлымен сұхбаттасқан болатынбыз.

– Қайрат Балапанұлы, әңгімемізді цифрландыру процесі басталғаннан бері «Қазпошта» АҚ-да қандай оң өзгерістер орын алды осыдан бастасақ?

– Бұдан 4-5 жыл бұрын «Қазпошта» көпшіліктің көзіне құрдымға кетудің алдында тұрған, болашағы жоқ мекеме болып көрінген болатын. Ол кезде компаниямыздың жұмыс жасау аясы қазіргімен мүлде салыстыруға да келмейтін еді. Ең маманданған саласы зейнетақы беру мен хат, газеттердің жеткізілу қызметі ғана болатын. Оның үстіне күнделікті дамып отырған технологиялар, мобильді қосымшалар, мессенджерлер, әлеуметтік желілер қағазбен хат-хабар алмасуды айырбастап алды.

Ең алғашқы цифрландыруға аяқ басқанда қолға алған жобаларымыздың бірі поштаматтар мен посылка супермаркеттері болатын. Бұл әлем елдерінде қолданылмаған алғаш біздің тәжірибемізден өткен жобалардың бірі болатын.

Бүгінгі таңда электрондық коммерцияның (e-commerce) енуімен біз жаңа перспективалар аштық. Мысалы, интернеттегі сауда-саттықтың арқасында ел ішінде де, сыртында да сәлемдемелер жеткіземіз. Біз үшін цифрландыру жаңа міндет болып табылады, сонымен бірге табыс табудың бірегей мүмкіндігі. Электрондық коммерция нарығы дамып жатыр, біз де дамып жатырмыз.

Қазірде біздің қызметтерді сату үшін 2 арнамыз бар. «Қазпоштаның» қалалық және ауылдық бөлімшелері оффлайн арналар болып табылады. Ал, онлайн арнасы деп, мысалы, Post.kz порталын айта алмаыз. Сондай-ақ, бізде @KazPostBot – Телеграмм-боттың көмегімен ақпараттарды бақылап, валюта бағамын біліп, ақша аударымдарын жасауға, теңгерім толтыруға, жол қозғалысы туралы ақпаратқа қол жеткізуге болады. «Қазпоштаның» осы жетістіктерінің бәрі дерлік цифрландыру барысында пайда болды.

- Жоғарыда айтып өткен Post.kz порталына тоқталып өтсеңіз?

- Цифрландыру аясындағы үлкен жобамыздың бірі Post.kz порталы десек қателеспейміз. Бұл қаржы және пошта қызметтерінің онлайн порталы болып табылады. Порталға интернет арқылы компьютерден немесе мобильді қосымша арқылы кіруге болады. Ол жерде хаттар, сәлемдемелер жіберу, төлемдер және аударымдар, басқа да сервистер көрсетіледі. Ең тиімдісі, бөлімшеге бармай-ақ порталға қосылу арқылы пошта тұтынушыларына қызмет көрсетіледі. Бір ғана мысал келтіретін болсақ, бұрын басқа қалаға яки елге посылка жөнелтетін болса міндетті түрде пошта бөлімшесіне барып, кезекке тұру ұзақ уақытты талап ететін, ал қазір клиент өз үйіне қолайлы уақытты таңдап курьерді шақырып, керекті құжатты толтырып, жеке мағлұматты енгізіп жөнелтілімін салып жібереді, әрі қарай қай жерде, қашан жеткізілетіні жөнінде ақпаратты осы порталдан жеке кабинетке кіріп бақылап отыра алады.

– Аталған порталда соңғы енгізілген басты қызметтер қандай және олардың жұмыс барысы жөнінде айтып өтсеңіз?

- Ең басты ерекшелік порталда хаттарды жөнелтудің электронды нұсқасы жұмыс жасайды. Яғни гибридті электронды пошта. Ол жерде поштаға хат электронды нұсқада жіберіледі, яғни клиент бізге word немесе PDF форматында жолдайды, өзінің жеке мәліметтері жазылған жолдарды толтырып хатты электронды жолдайды әрі қарай хат біздің базаға келіп түседі, базадан белгілі жауапты қызметкеркерлер өңдеп болғаннан соң, хат күйінде басып шығарып, керекті жерге жеткізіледі. Бұл алыс аймақтарға шұғыл хаттар жолдағанда өте тиімді. Бұрын 7-8 күнде жеткізілетін болса, ал қазір бұл үшін тек 1-2 күн ғана қажет.

Порталда бұдан бөлек жаңадан қосылған электронды конверт, басылымға онлайн жазылу, QR-код арқылы газеттерді жеткізуді бақылау қызметтері көрсетіледі. Яғни, бұрынғы жүйе бойынша бөлімшеге келіп, конверт сатып алып, жеке мәліметтерді толтырып, байланыс операторы арқылы жөнелтуге түбіртек алатын және бұл хат Қазақстан бойынша 3-4 күнде жеткізілетін. Ал бұл мәселе қазір түбегейлі жеңілдітіліп, гибридтік электрондық пошта арқылы оңай әрі тез географиялық мекенжай бойынша электрондық хатты жөнелтуге болады, біз оны басып шығарып, конвертке саламыз да адресатқа жеткіземіз. Қазір дәл осы электронды нұсқа тиімді болып отыр, соның ықпалымен зай хаттардың саны ептеп азаюда, яғни бұл дегеніміз халық хат жолдаудың электронды нұсқасын көптеп пайдалануда. Осы тұста айта кететін тағы бір жайт, конверттің екі түрі бар: қарапайым тапсырыспен келетін конверттер және арнайы штрих код арқылы жөнелтілетін хаттар. Егер арнайы штрих кодты таңдаған болсаңыз ол қай жерде және қашан адресатқа жететіндігі жөнінде мағлұматтардан хабардар болып, бақылап отыра аласыз. Бұл конверттер жарты жыл бұрын қолданысқа енгізілді. Процеске 3 минут уақыт кетеді. Өз-өзіне қызмет көрсету бөлімшелері компьютерлермен, сканерлермен жабдықталған. Әр клиент жеке кабинетіне кіріп, толтыру керек жолақтарды толтырып, өз-өзіне қызмет көрсету арқылы жүзеге асыруына болады. Жеке мағлұматтарды ғана енгізіп операторға береді, әрі қарай оператор өзі жөнелтеді және де бұл процес әлі де жеңілдітілетін болады бүгінгі таңда өңделу үстінде.

- Сөзіңіз аузыңызда, әлі халықтың 100%-ы толықтай цифрландыруды меңгермегені баршамызға мәлім. Осындай операцияларды орындау барысында клиенттерге көмек көрсетіледі ме?

- Әрине, арнайы клиенттермен жұмыс жасайтын қызметкерлер қарасытырылған. Байланыс бөлімшесінде администраторлар, бөлім басшылары клиенттерге ақпарат беріп, түсіндіру жұмыстарымен айналысады. Сонымен қатар сайтқа кіретін болса ол жерде бонустық көмек беруді көруге болады. Яғни қалай кіріп қарауға болатыны жөнінде ақпаратты ала аласыз. Жалпы қазір көпшілік әлеуметтік желілерден ақпараттанады біз арнайы парақшаларымызда барлық жаңалықтарымызды халықпен бөлісіп, қалай қолдану керек екені жайында толық мағлұматпен қаматамасыз етіп отырамыз.

- «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында жеткізілуі қиын ауылдық жерлерге хат-хабар жіберу жайы қандай деңгейде?

- Сұрағыңыз түсінікті. Бұл жағдай бізде ескеріліп, мәселе шешімін тапты десем қателеспеймін. Қазір бізде қала қарамағына тіркелген ауылдық жерлер көптеп кездеседі. Және ол жерге газет, хат-хабар күнделікті жеткізіліп отырылуы қажет. Ондай жерлерге күнделікті көлікпен жіберіп отыру біраз шығынды қажет етеді. Осыған орай «Қазпоштада» арнайы ұшқышсыз ұшақтар яғни дрондар жұмыс жасайды. Олардың жұмыс жасау принципіне тоқталып өтейін. Көпшілік дрондар жеткізушінің (курьер) қызметін атқарады деп ойлайды. Негізгі дрондардың қызметі А пунктінен Б пунктіне жазбаша хаттарды және күн сайын немесе күнара басылып шығатын газеттерді жеткізіп отырады. Әрі қарай пошта қызметкерлері сорттап клиентке жеткізеді. Қазір бізде дронның екі түрі жұмыс жасайды бірі 2,5 ал екіншісі 4 кг. жүкті көтере алады және 8 кг. жүк көтере алатын дронды тәжірибеден өткізудеміз.

Бүгінгі таңда «Adrome Automation» ЖШС-мен бірлесіп, мерзімді басылымдарды аудандық пошта орталықтарынан алыс қашықтықтағы пошта посттарына жеткізу мақсатында Қазақстанның 4 облысы бойынша 9 ауданда 30 маршруттан ұшырып тәжірибеден өткіздік нәтижесі көңіл толтырарлық. 2017 жыл бойынша құрылғы көмегімен 1150 кг мерзімді басылымдар тасымалданылды, жалпы есептегенде ұшу уақыты 460 сағатты құрайды, ал жүріп өтілген жол 16 мың километрден асты. 2017 жылдан бұгінгі күнге дейін бұл көрсеткіш басылым 1600 кг, жалпы ұшу уақыты 700 сағатқа, ал барлық жүрілген жол 22 мың км-ге дейін көбейіп отыр.

- Әңгімеміз шегіне жетуге таяған секілді, енді «Қазпошта» АҚ-ның алдағы жоспарлары қандай болмақ, халыққа жайлы қызмет көрсету үшін тағы қандай өзгерістер дайындаудасыздар?

- Қазіргі «Қазпоштаның» жұмысы халыққа қолжетімді болып отыр. Біздің өңдеп шығарған кейбір дүниелер әлем елдерінде қолданылмайды, оған мысал «Қазпошта» супермаркеттері дүние жүзінде жоқ біздің елімізде алғаш жасалып отырған дүние, ол әлі де өңдеуден өтуде. Бүгінде «Қазпоштаның» клиенттері күн санап артуда. Біздің басты стратегиялық мақсатымыз толықтай цифрландыруға көшу болып отыр. Бұл дегеніміз болашаққа сеніммен басқан нық қадамымыз. Десе де әрі қарай жалғастыру, даму, өсу, әлем аренасына шығу ол уақыт еншісіндегі дүние, бір күн немесе бір-ақ жылдың ішінде түбегейлі өзгертіп жіберу мүмкін емес екенін бәріміз де түсінеміз. Осы күнге дейінгі жеткен жетістіктеріміз біздің мына жаңа технологиялардың шарықтап дамып отырғандығының айғағы.

- Сұхбаттасқанызыңзға алғыс білдіремін.

Қалидолла Әйгерім

Оқи отырыңыз

‡àãðóçêà...

Соңғы жаңалықтар