27.08.2019, 10:45

Болған оқиға: Ауыл ортасындағы үй неге иесіз қалған?

Қариямен қоштасып, «ашынған ананың қарғысы текке кетпейді» деген осы екен-ау, – деп ойлаған Әлім, «ол жерді үлкен басшы көрмейтіндей етіп қоршасам ба екен, әлде көрген жандарға ой салар орын болып тұра берсе қайтеді екен?..», – деп келе жатты.

Әлімнің бұл ауылға әкім болып сайланғанына үшінші күн. Сайлауға түсерінде ауылдың жағдайын ойша зерделегенмен, адамдармен кездесіп, емен-жарқын сөйлесу үшін ауылдың жай-жапсарымен, құжаттармен танысып алғанды жөн көріп хатшысына алдырып, қарай бастағаны еді. Жанындағы ақ телефонның шыр еткен дауысы естілді.

Телефон тұтқасын көтеріп:

– «Жаңаөркен» ауылының әкімі Әлім Талап­ов тыңдап тұр, – деді.

– Әлім, саламатсыз ба? Мен аудан әкімдігінен Орынбаймын ғой. Сізге аудан әкімінің алғашқы тапсырмасы. Жақын күні ауданға облыстың басшысы келіп, ауылдарды аралайды. Облыс басшысы бас сұғатын мекеме, мектепті аралағанда жүретін жолдағы көзге оғаш көрінетін жерлерді ретке келтірерсің. Сырлап, әктеп дегендей... Тіптен болмай жатса тасалап, қоршай саларсың. Алғашқы тапсырма екенін ұмытпассың, – деп телефон тұтқасын қойды.

– Аға, жай ма? – деген хатшысына:

– Екі күннен кейін облыс басшысы ауылдарды аралайтын көрінеді. Соған дайындық жасауымыз керек. Түсінесің ғой, көше тазалау, тәртіпке келтіру дегендей, – деді де, есіне бір нәрсе түсіп, орнынан тұрып «жүр» деді хатшысына.

Сыртқа шығып өзінің жеке көлігін оталдырды да, ауылдың кіре берісіндегі кеше келе жатқанда өзі көрген көріксіздеу көрініске, иесіз үйге беттеді.

Бұлардың көлігі келіп тоқтағанда екі-үш ешкі үрке жөнелді де, қызыл ала сиыр басын марғау бұрып, күйіс қайтарып тұра берді.

Кең аула. Ара-тұра шыққан пішен сүйрігі болмаса, көбісі арам шөп. Төрде біркездергі еңселі үйдің ұлым-жұлым қаңқасы ғана тұр. Терезелері үңірейіп, қалқиған қабырғалары мен қалбиған пештің мұржалары тым сүреңсіз көрінеді.

Арам шөптер ортасында тең болып түйілген киіз үйдің жабулары мен сынған уықтардың үстінде күнге күйіп қаңсыған қара шаңырақ жатыр.

Мына көрініс Әлімнің көңілін құлазытып жіберді. Автокөлік ішіне жайғасқан соң оталдырмай біраз отырды. Ізіне еріп осыны көрген хатшысы да үндемеді. Сәлден кейін:

– Бұл кімнің үйі, білесің бе? – деді.

Хатшысы:

– Кезінде совхоз директорының үйі болған деп атам айтып отыратын, – деді.

– Атаң бар ма? – деп сұрауын сұраса да ыңғайсызданып хатшысына қарады.

– Бар, аудан әкімі сізді ауылға таныстырғанда сөз сөйлеп, бата берген қария, – деді.

– Онда ақсақалға сәлем берейін, – деп көңілді тіл қатқан Әлім иығынан бір зіл түскендей жеңілдеп сала берді.

* * *

– Иә, шырағым, қызметіңді үлкенге сәлем беруден бастауың, ауылдың сүреңсіз жайларына көңіл бөлуің ұнап отыр. Біреулердің атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын. Ол жай ауылдың кәрі-жасына аян болғанмен, ауызға ала бермейтін едік. Қолқа салған екенсің айтайын.

Сырттан келген бір азамат совхозда директор болды. Сол замандағы талап па, әлде қанында бар ма қаталдау еді. Қызметін де жақсы бастады. Бірақ түбіне өркөкіректігі жетті-ау деп ойлаймын. Өзін қарапайым жұмысшыдан үнемі жоғары санап жүретін. Ауылда жалғыз басты кемпірдің тракторшы жалғыз ұлы болды. Көзі қарақты, зерек, білімге құштар-тын. Мектепті озат оқушының бірі болып бітіргенмен қолы қысқалықтан оқуға бара алмады. СПТУ-дан тракторшы мамандығын алып, ауылда анасының жанында қалды. Аудандық газетке мақала жазатыны, өлең шығаратыны бар, келісті азамат болып өсті. «Ел мақтаған жігітті қыз жақтаған», – деген емес пе, ауылдың көп бойжеткендері жақсы жігітті мақтап жүрді. Соның бірі директордың қызы. Өзі де ажарлы еді. Оның үстіне үлде мен бүлдеге оранғасын тіптен әдеміленіп кетті. Аядай ауыл келін-кепшік, әйелдер түгілі біздің құлағымызға дейін «тракторшы жігіт пен директордың қызының ара жақындығы бар екен, жарасып-ақ жүр», – деген сөз жетіп жүрді.

Қыз Алматыда оқуда жүргенмен хаттары үзілмей, келсе екеуінің жұптары жазылмай жүргені директорға ұнамады. Қысқасы, қайдағы бір жетім тракторшыға күміс қасықтай қызын бергісі келмеді. Оның үстіне қасқа бала совхоздағы кейбір келеңсіз жағдайды газетке жазып, директорға аудан басшысы ескерту беріпті, – деп те естідік. Содан есебін тауып ол байғұстан тракторын тартып алып, отардың соңына салып, қойшыны куә қылып, жоғалған төлдерді «ұрлады» деп соттатып жіберді.

Сауатты бала ғой, алты жыл темір тордың арғы жағында отырса да, ізденіп бір жарым жылда босатылғанымен өкпе ауыруына шалдығып келді. Сөйтіп жүргенде ауыл тағы дүрлікті. «Директордың қызы тракторшы жігіттен екі қабат екен», – деп. Сөздің қысқасы, байғұс балаға қара аспанның қара бұлты қайта үйірілді. Қатыгез әке қызының «тракторшы жігітті жақсы көретінін, бас қосқысы келетінін, бар жағдай өз еріктерімен болғанын еңіреп айтса да еміренбеген әке, жалған құжаттар жасап, жазықсыз жанды «қызды зорлады», – деп абақтыға қайта қаматты.

Әлі есімде, байғұс ана ауылдағы ақсақалдарға, ауыл совет председателіне, кәсіподақ комитетінің төрағасына жалынды. «Мені алып барып, кешірім алып беріңдер, қара орманымды, менің өзімді кепілге алса да баламды енді соттатпасын, олай болса енді көрмейтінімді ішім сезеді», – деп еңірегенде етегі толды. Сабаздар-ай, біреуі тырп етпеді-ау. Содан мектеп директоры, ол кезде жай күрішшімін мен жігіттің анасын ертіп жаңағы сен көрген үйге бардық. Кең аулаға алты қанат ақ үйді тігіп, ішін жиҺаздап-ақ тастаған екен, төрінде қолтығында құс жастық директор қисайып жатыр. Бізге аларып бір қарады. Шай құйып отырған әйелі:

– Жоғарылатыңыздар, төрлетіңіздер, – деп орнынан тұра беріп еді, директор:

– Отыр шошаңдамай, менің төріме шығатын осылар ма? Сөздеріңді шығын­дамай-ақ қойыңдар... Есік анау, – деді дауысын көтеріп, қолын шолтаңдатып.

Сонда байғұс ана:

– Әй, көзіңді шел қаптайын деген екен... Жалғызым үшін алдыңда тізерлеп кешірім сұрайын деп келіп едім. Алла енді сенің алдыңда тіземді бүктірмесін. Жалғызды бір Аллаға тапсырдым. Бізді лайық көрмеген төріңе адам шықпасын, ордалы жылан жатсын, аулаңды арам шөп бассын. Бала-шағаңнан аулақ, – деп екі алақанымен бетін сыйпады. Жүзі қара сұрланып, шүңірек көздері от шашып тұр екен. «Қарғысының түрін!...» – деп кекесінмен мырс еткен директорға жонымызды беріп сыртқа беттедік.

Тракторшы жігіт бір жарым ай абақтыда жатып, «зорлады» деген қағазға қыздың өзі қол қоймағасын сотталмай қалды. Бірақ анасы оны көре алмай, жүрегіне түскен салмақты көтере алмай көз жұмған еді. Ал қызды әкесі Қарақалпақстанға әйелі өлген біреуге еріксіз беріп жіберіпті.

Көлденеңнен келген дүние көзге түспей тұра ма, көп ұзамай директорымыз да, істі болып, сол жақта біреулердің қолынан қаза тапты деп естідік. Жанашыр жан болмады ма, сүйегі елге жетпей қалды. Бұл Алланың құдіретін қара. Көп ұзамай тракторшы жігіт пен директордың әйелі бір күнде қайтыс болды. Директордың әйелін жерлеуге жақын туыстарынан басқа адам бармады. Тіпті армияға барып, Ресейде қалып қойған баласы да, Қарақалпақстандағы қызы да келмеді. Ал тракторшы жігітті бүкіл ауыл болып шығарып салды. Кластастары мен ауыл жастары тік тұрып қызмет жасады.

Өткен жылы тракторшы жігіттің клас­тас­тары жиырма бес жылдан кейін бас қосты. Тракторшы жігіт пен анасының бейіттеріне барып құран бағыштады. Араларында қасына тракторшыдан айнымайтын бозбаласын ерткен директордың қызы да жүрді.

Ал, сен көрген үйді алуға келгендер үйдің ішінде, киіз үйдің теңінде жыландардың өрмелегенін көріп жоламай кетті. Қарғыстан болды ма, көлге жақын, адам көп бармайтын үй болғасын солай болды ма, ол Тәңірге ғана аян. Кейбіреулер директордың әйелін де жылан шағып өлтірді, адамға зияны жоқ адам еді, жұбайының кесірі тиді-ау деседі. Бірақ, жанына жайылған малды жылан шақты дегенді естігенім жоқ, – деп қария сөзін аяқтады.

Қариямен қоштасып, «ашынған ананың қарғысы текке кетпейді» деген осы екен-ау, – деп ойлаған Әлім, «ол жерді үлкен басшы көрмейтіндей етіп қоршасам ба екен, әлде көрген жандарға ой салар орын болып тұра берсе қайтеді екен?..», – деп келе жатты.

Құдайберген ЕСЕКЕЙ