29.08.2019, 18:15

Түн ортасында асүйден біртүрлі дыбыстар шығады: елордалық жас ақындар куә болған оқиға

Ақын жігіттер Азамат Есалы, Ұларбек Дәлей, Бауыржан Қарағызұлы, Олжас Сәндібек, Ұлағат Ханзада бәріміз бір бөлмелі кішігірім жатақ тауып, жалдап тұрып жаттық...

Бақида жатқан әруақ туралы бұрын естіп жүрсек те, өз басым олардың бұл фәнидегі әрекеттеріне куә болып көрмегем. Астанаға келіп оқуға түсіп, бітіріп, жұмыс іздеп, қанаттас достармен селбесіп пәтер жалдап дегендей тіршілік қамына кірісіп бастаған кезіміз. Ақын жігіттер Азамат Есалы, Ұларбек Дәлей, Бауыржан Қарағызұлы, Олжас Сәндібек, Ұлағат Ханзада бәріміз бір бөлмелі кішігірім жатақ тауып, жалдап тұрып жаттық.

Ақшаны біріміз ауылдан алдырамыз, біріміз той басқарып табамыз. Бірақ бұлай салмақ сала беруге де болмайды ғой. Жұмыс іздеп тентіреп кетеміз, қара кеште бір-ақ келеміз, салымыз суға кетіп. Жолымыз оңғарылар емес.

Күтпеген жерден бір күні Олжас ерекше оқиғаның куәсі болды. Айтса, сенбейміз, күлеміз. Содан екінші күні тағы да сондай жұмбақ жәйт. Мәссаған. Үшінші күні де солай... Ішімізден үрейлене бастадық. Басқа пәтер жалдауға әзірге еш жағдай жоқ.

Тұрып жатқан үйде әруақ бер екен. Өйткені, түнде перде дірілдейді, терезелер жабық тұрса да. Түн ортасы болғанда асүйден біртүрлі дыбыстар шығады, белгісіз біреу жүргендей болады. Сіріңке тұтатады. Шырт-шырт. Түн ортасында «патшалар жаяу баратын жерге» баруға қорқа бастадық.

Бір күні арамызда Ұлағат «әруақтан қорқудың еш керегі жоқ» дейді, «сенбесеңдер, бәріміз өтірік ұйықтап жатқан болайық, әлгі дыбыстар шыққан бойда, асүйге кіріп барам» деп қоқиланып қояды, танауы желбіреп.

Күтіп жатырмыз. Түнгі «оркестр» басталды! Ақырындап Ұлекеңді түртеміз ғой, күндізгі берген уәдесін есіне түсіріп. Ұлекеңде үн жоқ. Үн жоқ емес, дым жоқ. Тырп ете алсақшы бәріміз! Ондай «ерлік» бойымыздан әп-сәтте қашып кеткен екен сөйтсек.

Не де болса құрысын, үйді тастайық дестік. Ертесіне қожайынға хабарласып, басқа үй қарастыратынымызды айттық. Себебін де түсіндірдік.

Оқиға былай болған екен. Сол үйді жалдап бір жігіттер тұрған көрінеді. Бір күні үйлеріне сол үйдегі сымбатты келген жігіт сұлу бойжеткенді алдап әкеліп, ауызын скочтап, бәрі сол қызды «жәукемдепті».

Араққа сылқия тойып алған үйдегі жігіттер онымен қоймай, терезеден секіріп қашуға ұмтылған қызды ұрып-соғып, қылқындырып, өлтіріп алыпты. Содан денесін үлкен ала дорбаға салып, түн ішінде көлікке салып, қала сыртына апарып, жаназасыз көміп кете салған екен.

Жаны сол үйде қалып қойған қыздың рухы екен мазасызданып жүрген.

Бауыржан БЕРІКҰЛЫ