$ 494.87  520.65  4.91

Көлік қалай өртенді? - жеті жұттың тілін меңгерген молда туралы

Түскі намаз уақыты тақап калғаннан кейін, молда шофер жігіттен мәшинесін тоқтатып, сәл кідіре тұруын сұрайды. Өзін бір ауылдың қожайынындай сезініп жүретін жүргізуші кімді тыңдасын, оның сөзіне құлақ аспастан тарта береді. Бірақ алдағы бір өзеннен өте шыққан бойда мәшиненің артқы екі доңғалағы күпшегінен батпаққа кіріп, аяқастынан қайрандап қалады.

Бұл әңгімені өткен ғасырдың сонау алпысыншы жылдарының басында естіген едім. Ол тұста ҚазМУ-дің студенті едік. Бір жылы күзде Торғай облысының Амангелді ауданына астық жинасуға барғанбыз. Төрт жігіт қырманға емес, қыстақтарға шөп тасуға бөліндік. Бәріміз үш жыл әскер қатарында болып қайтқан сақа жігіттер едік, оның үстіне шофер мамандығымыз бар болғандықтан, бәрімізге ортақ бір мәшине берген. Кеңшар орталығынан шалғайдамыз, маңайдағы бірнеше қыстақтарды күзететін бір қарияның үйінде тұрдық бір ай бойы. Үй иесі көргендері мен естіген-білгендерін майын тамыза айтатын әңгімеге судай жан болып шықты. Күн ұзақты жұмыстан шаршағанымызға қарамастан, түннің бір уағына шекті ақсақалдың таусылып бітпес аңызға бергісіз әңгімелерін тыңдаймыз. Айтқандарының қайсысы шын, қайсысы жалған екеніне мән беріп жатқан біз жоқ, әйтеуір, тыңдай беруге ынтықпыз.

Ол кісінің айтуынша, ертеректе ауылдарында жеті жұттың тілін білген Жайсаңбай деген ғұлама молда болыпты. Қайсымыздың қай жақтан екенімізді біліп алған ол сөзін маған қарата: «Ол кісі заты сонау сендердің Алтайларың жақтың тумасы екен. Кеңес өкіметі жаңа орнығып жатқан кезде елді теріс үгіттейтін діндар адам ретінде осы біздің өңірге жер аударылған көрінеді. Жайсаңбай жырақтағы мұсылман елдерінің бірінде жеті жыл дін оқуымен қатар көзбайлаушылық өнерді де меңгерген адам екенін айтып отыратын көнекөз қарттар» дей келіп, төмендегі әңгімені айтып берген еді.

...Ауылға жүк мәшинесінің алғаш жеткен кезі болса керек. Бірде мәшине қорабы үстінде, ішінде Жайсаңбай молда да бар, бір топ адам жолаушылап келе жатыпты. Түскі намаз уақыты тақап калғаннан кейін, молда шофер жігіттен мәшинесін тоқтатып, сәл кідіре тұруын сұрайды. Өзін бір ауылдың қожайынындай сезініп жүретін жүргізуші кімді тыңдасын, оның сөзіне құлақ аспастан тарта береді. Бірақ алдағы бір өзеннен өте шыққан бойда мәшиненің артқы екі доңғалағы күпшегінен батпаққа кіріп, аяқастынан қайрандап қалады. Осы кезде Жайсаңбай жайымен мәшинеден түсіп, өзен суынан асықпай дәрет алғаннан кейін жағадағы көкмайса үстіне шапанын жайып жіберіп, намазға жығыла бастайды. «Бұл өткелде өмірі мұндай батпақ болып көрмеген еді» деп күңкілдеген шофер көлігін шығарудың қамына кіріседі. Алайда, қанша әуреленгенімен, әрекетінен ештеңе шығара алмайды

Содан Жәкең намазын оқып болған соң оның қасына келіп: «Ал бала, енді жүрейік», дейді ғой. Не істерін білмей ыза буып тұрған шофер: «Әй, шал, көрмей тұрсың ба? Асықсаң, жаяу жүре бер», - деп дүңк ете түседі. Молда біраз жерге барып қалғанда мәшине де батпақтан шығып, жақындай береді. Бірақ ашулы шофер тоқтамай өте шығады. Сол сол-ақ екен, мәшине молданың жанынан өте бере, қып-қызыл өртке оранып шыға келеді. «Ойбай, құрыдық! Қашыңдар!», - деп шофердің жан даусы шығады. Түкке түсінбеген жолаушылар мынаған не болды дегендей аңтарылып қалыпты. Артта қалып қойған жолаушы қария мәшинеге тақай бергенде, өрт те басылады. «Ал бала, енді жүрейік», - дейді Жайсаңбай тағы да. Не болып, не қойғанын түсіне алмай, үрейі ұшып, өзін өң мен түстің арасындағыдай сезініп тұрған шофер жігіт: «Иә, иә, жүрейік, ата!», - деп қалбалақтай беріпті.

Дереккөз: Алаш айнасы

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары