Әлемнің қай тұрғынын да бейжай қалдырмайтын, мойындалған ресми ғылымдар ауқымына сыймайтын бір құбылыс – ол өзіміз өмір сүріп жатқан ортада өте жиі болмаса да, орын алатын қауіпті (аномальді) жерлерге қатысты жұмбақ оқиғалар, там-тұмдап кездесетін елестер. Талай ғасырдан бері зерттеушілер мұндай тылсым құбылыстардың кілтін табуға талпынғанымен, әлі де ғалымдар оның толық шешімін таппай отыр. Әр аймақтың тұрғындары «киелі жер», «әулие-аруақтардың мекені», «әулие бұлақ», «әулие ағаш», «жын-шайтан қордаланған орын», «шайтан көпір» және де басқа аттар қойып, оған әрқалай түсініктер беретіні бар. Белгілі жазушылардың шығармаларында да әңгімелер, қорқынышты эпизодттар ұшырасады.
Мысалы, Ги де Мопасанның «Зираттағы ғажайып кездесу», Михаил Булгаковтың «Иттің жүрегі», «Шебер мен Маргарита», Төлен Әбдіктің «Оң қол», Оралхан Бөкейдің «Қар қызы», Несіпбек Дәутайдың «Қанқызыл жалқын...», «Айғыр кісі», Дәурен Қуаттың «Тас монша», «Күнекей Кірекей» және де басқа қаламгерлердің мистикаға құрылған әңгімелері кез келген адамды бейжай қалдырмайды. Олардың шығармаларын қызыға оқып отырып, тылсым жұмбақ дүниеге, басқа бір әлемге еніп кеткендей боласың.
Ги де Мопасан жоғарыда аталған қысқа әңгімесін: «Мен оған өлердей ғашық болдым. Онымен танысқан соң, жібектей мінезі, оттай ыстық махаббаты жүрегімді жаулап алды. Есіл-дертім соған ауып, көрмесем тұра алмайтын күйге түстім. Уақыт мәнін жойды, жүрегімді кернеген махаббат мені қайыршыға айналдырды. Атқан таң, батқан күнмен санаспайтын, қыс пен жаздың алмасқанын парықтамас күйге түстім» деп бастап, барлық оқиғаны баяндай келіп, соңын былай аяқтайды: «Мен адымдай басып, ашылып жатқан қабірлер мен жын-сайтандай елбеңдеген әруақтар арасынан кесіп өтіп, оның қабіріне жеттім. Сол бір жанымды жаулап, көзімді арбаған сұлу бейне көз алдымнан тағы бір жарқ етті де сөнді. Мен ептеп басып оның қасына барып, үн-түнсіз бақылап тұрмын. Ол бар ықыласымен ескерткіштегі «ол сүйген, сүйдірген, осы жерде мәңгілік ұйқыда» деген сөздерді өшіріп жатыр. Содан соң, сұқ саусағымен «бір күні ол сүйген жарын алдап, нөсерлі жаңбырға қарамастан сыртқа шығып, әлдебіреумен көңіл қосты. Содан ауыр дертке кіріптар болып, сауыға алмай өлді!» – деп жазды. Таң сөгіле адамдар мені қабірлер арасынан тауып алыпты. Мен сол арада жығылыппын. Жансыз мүрдем әлдеқашан мұздап қалыпты...» (орысшадан аударған Шолпан Қазез).
Осы жолдарды оқып отырып, бойыңды үрей билеп, төбе құйқаң шымырлайды емес пе? Иә... Ел арасында «Қорқынышты мекендер мен қатерлі аймақтар» деген түсінік бар. Олардың әңгімелерін тыңдап отырып, бойыңызды қорқыныш билейтіні өтірік емес. Әрине, адам сенгісіз аңыздар да аз емес. Айтушылар шеберлігіне қарай құбылтып, сан саққа жүгіртіп, үрейіңді ұшыратын, жүрегіңді соқтыратын, қара терге түсіріп, тұла бойыңды мұздататын, эмоциялық әңгімелер де ұшырасады. Кейбіріне, тіпті, шын сенесіз, таңғаласыз.
Бала кезімізде әке-шешеміз бен әжелеріміз «Түнде суға бармаңдар, су перісі ұрады», «Адамы жоқ, қаңырап бос тұрған ескі үйге кірмеңдер, жын-сайтандар жайлаған. Естеріңнен ауысасыңдар», «Қараңғыда бейітке жақындамаңдар, аруақтардың салқыны тиеді, әбілет басады», «Зираттардың қасынан өткенде тілдеріңді кәлимаға келтіріңдер, әйтпесе, шалыққа ұшырайсыңдар» деп айтатындары есімізде. Баламыз ғой, оларын өтірікке санап, тым мән бере бермейтінбіз. Қайран уайымсыз, қайғысыз балалық-ай!
Кейінірек, басында кеме қалған Қазығұрт, әлгі Укаш-ата құдығы, адамдар кезекке тұрып өздерін сынайтын Тесіктас, суы бірде ағып, бірде тоқтайтын Әулиебұлақ және де басқа құбылыстар жайлы көптеген деректерге қанықтық. Базбіріне шынында да таңғалдық.
Қазақта «Рух», «әруақ» деген түсініктер бар екенін білеміз. Орыстар «әр үйдің өз иесі бар» деп сендіреді. Басқа ұлттарда да әртүрлі сенім, түсініктер бар. Келе-келе сондай жұмбақ құбылыстардың бар екенін мойындадық.
Бірде, кезінде Жаңатастың құрылыстарында біраз жыл еңбек еткен құрбым, инженер-құрылысшы Жамбыл Мелдебаев сөз ретінде мынадай бір қызықты оқиғаны баяндаған еді: Өткен жүзжылдықтың 70-80-ші жылдары Жаңатас қаласы қысқа уақытта тез өсіп, біраз халық шоғырланғандықтан, тұрғындарды ауызсумен қамтамасыз ету проблемасы туындады. Көсегенің көкжонынан, Көлмекөлден, Шабақтыдан су құбырлары тартылады. Бірақ, олар тиісті су мөлшерімен толық қамтамасыз ете алмады. Көрші Созақ ауданындағы Баба түкті Шашты Әзиз кесенесінің жанындағы су көзі мол әулие бұлақтан су тартпақ болып шешім қабылданады. Құбыр салмақ үшін жер қазатын техника жібереді. Жұмыс бастамақ болған сәтте эксковатор моторы белгісіз себептерден сөніп қалады. Эксковаторшы әрі шұқылап, бері шұқылап моторын от алдырамай қиналады. Білгір инженер іске араласады, еш пайда жоқ. Содан екінші эксковаторды алдырады. Істі бастайын десе, эксковатордың ожауы (ковшы) жерге батпай, түсініксіз жайда мотор сөніп қалады. Тағы баяғы жай қайталанады, жұмыс жүрмей, береке кетеді. Сонда көрші Құмкент аулының тұрғындары бұл жердің киелі екенін, әруақтардың тыныштығын бұзбауды өтінеді. Сөйтіп, жаңатастықтар жоспарларын іске асыра алмай, кері қайтады.
Осындай мистикалық әңгімелерді сирек болса да әр өңірден естуге болады. Мысалы, Алтайдың таулы аймағынан «Укок патшайымының» мумиясын қазып алғаннан кейін, 2003 жылы бұл аймақта 7,6 баллға жететін жер сілкінісі болып, халық одан көп зардап шекті. Сонда бақсылар: «Егер «пат¬шайымның» сүйегі қайта орнына жерленбесе, көптеген катоклизмалар, апаттар (катострофалар) болады» деп мүрденің қайта жерленуін талап етті.
Бұл құбылыстарды осы күнге дейін еш ғалым түсіндіріп, шешкен емес. Тіпті, әлемді таңғалдырып отырған «Бермуд үшбұрышының» («Бермудский треугольниктің») құпиясы әлі ашылған жоқ. Орыстар мұны «аномалиялық аймақ», қазақтар «қатерлі жер» деп атап жүр.
Ертеректе, біраз жыл бұрын, адамның рухы өлмейтіндігі туралы оқиғаны бір баспасөзден оқығаным бар. Тараз-Бішкек тас жолының бойында жеңіл көлігімен келе жатқан жігіт ағасы сол маңдағы өзен бойына жақындағанда, аяқ астынан пайда болған бейтаныс қыздың оның көлігімен ілесіп, жүгіре бастағанын көреді. Мұның бұл әлемге тән құбылыс емес екенін іштей сезген ол мүмкіндігінше жылдамдығын асыруға тырысады. Қанша тез жүруге тырысқанымен, әлгі қыз да одан еш қалыспайды. Тек бір елді мекенге келгенде ғана жаңағы елес бірте-бірте көзден ғайып болады. Тосын жағдайдан есеңгіреп қалған жүргізуші, ауыл адамдарына болған оқиғаны баяндағанда, олар да бұған жергілікті өзенге осыдан біраз жыл бұрын бір қыздың батып кетіп, сүйегі табылмай, көмілмей қалғанын айтады. Сөйтсе, бұл қыздың елесі оған ғана емес, басқа жүргізушілерге де дәл осылай бір емес, бірнеше рет көрініпті. Бірақ, оған көбі мән бермеген. Мұның бәрін ой елегінен өткізген жігіт ағасы көп кешіктірмей, бір малын алып, құрбандық шалып, ауыл молдасы мен қариялардың басын қосып, Құран оқытады. Осыдан кейін ғана тас жолдың бойындағы әлгі қыздың елесі мүлдем жоғалыпты. Мұның астарында да жаңағы «аруақ, рух» ұғымдарына қатысы бар екеніне ой топшылайсыз.
Әлемдік статистикаға көңіл аударсақ, қауіпті, «аномалиялық» жерлердің белгілі бір аумақпен ғана шектелмейтінін түсінеміз. Ғалымдардың болжауынша, дүниежүзінің әр аумағындағы ондай қауіпті аймақтар санатына жататын жерлердің біразы, тіпті, адамды қойып, жануарлар өміріне де қатер төндіреді-міс. Мысалы, Үндістанның Ассам штатындағы Джатинга елді мекенінде жыл сайын күзде құстар құлап, мерт болатын жер бар екен. Бұл жерді тұрғындар «Құстар қабірі» деп атайды.
Дүниежүзінде тосын оқиғаларымен әйгілі талай жерлер бар. Солардың бірі – Жапониядағы Аокигахара орманы. Бұл қорқынышты әрі үрейлі ну орманда өткен ХХ ғасырда 500-ге жуық адам суицидке, яғни өзіне-өзі қол салуға бар-ған. Зерттеушілер үшін жұмбақ құбылыс – орман ағаштары тәулік бойы күн көзін көрмейді, көлеңкеде орналасқан. Соған қарамай, ағаштардың шынардай тіп-тік болып, аспанмен таласа өсуі келушілерді қойып, орманшы-мамандарды да таңғалдырады. Орманда ешбір техника, соның ішінде, тіпті, жол іздеуге көмекші құрал компас жұмыс істемейді екен. Келушілердің көбі көп ұзамай, жұмбақ жағдайда өздеріне өздері қол жұмсайтын көрінеді. Бұл үрейлі оқиғаларды қалай түсіндіруге болады? Біреулер «ол аруақтардың ісі» десе, екіншілері «жағымсыз энергиядан» деп түсіндіреді. Сірә, бұл қисынсыз болмауы керек. Зерттеушілер ондай жұмбақ аймақтардың пайда болуына бірден-бір себеп адамдардың өздерінің жағымсыз ой-пиғылының шақыртқы болуынан жиналған кері қуаттардың әсері десе, уфологтар жер бетінде орын алатын оқиғалар салдарын параллельді әлемнен іздеген жөн деген пайымды алға тартады. Мүмкін онысы рас болар. Әруаққа, рухқа көбіміз сенеміз ғой.
«Аномалиялық аймақтар» мен қорқынышты мекендердің сырын ғалымдар ғылыми негізде түсіндіруге тырысқанымен, әлі түбегейлі шешімін тапқан жоқ. Болжамдар мен гипотезалар болғанымен, тылсым жайттардың сырын ашып, нүктесін қоюға ерте. Негізі қандай да бір жерді өзіне қоныс етуге бейімдейтін адам баласы болғандықтан, ол жердің жағымды ортаға айналуы жұмыр басты пенденің өз қолында. Сол себепті де кейде «қауіпсіз жерлер мен қауіпсіз мекендердің», керісінше, «қорқынышты мекендер мен қатерлі аймақтарға» айналуына түрткі болатын адамдардың өздері емес пе екен деп ой қаузайсың. Қалай дегенде де жер бетіндегі ең саналы жаратылыс иесі – адамның күнделікті тіршіліктегі ойы мен сөзінен бастап, иманы мен Жаратушыға деген сенімі, оның соған сай әрбір іске қатысты жасаған амал-әрекетінің бәрінің материалданатыны сөзсіз. Ең бастысы, мұның бәрі оның бүкіл ғұмырына арқау болмақ. Өйткені, әрбір адам – өзі өмір сүретін ортасының барометрі.
Шынында, адам – таңғажайып құбылыс. Адам бойындағы жақсы мінез, көтеріңкі көңіл-күй, жағымды, оңды «энергетика» («ауура») жан-жағындағыларға да жақсы әсер етіп, жақсы орта қалыптасып, істері оңға басады. Ал іші тар, пиғылы жаман, ойы арам, ісі кесір кісілер кез келген ортаға керісінше әсер етеді. Ондай адамның төңірегінде бей-берекеттік, алакөздік, өсек-аяң, ұрыс-керіс, нысапсыздық пайда болады. «Жақсы деген кісінің алды-арты нұр болар», «Жақсы адаммен кезіксең көңілің марқайып, жадырайды», – деп халық, сірә, бекер айтпаған болар.
Сөзіміздің тобықтай түйіні, қанша жетілдік, дамыдық десек те көптеген жұмбақ «аномалиялық» құбылыстарды түсіндіруге әлі толық қабілетіміз жетпейтінін мойындауымыз керек. Бүкіл әлемді ақыл, ой, сана және парасат төртеуі ұстап тұр деген түсінік бар. Әлгілердің біреуі кем болса, жоғалу қаупі төнеді екен. Адамның ойы шартарапқа жүгіріп, жұмбақ әлемге тарайтыны белгілі. «Әр ой дүниеге, іске айналады» дейді білгіштер. Онысы, мүмкін, рас болар... Көңіл – дария, ой – дауыл. Егер олай болса, әрдайым әркімге жағымды, жақсы ой, парасатты мінез, жарасымды таза пейіл, сапалы да саналы ғұмыр серік болғай!
Сағындық ОРДАБЕКОВ, медицина ғылымдарының докторы,
профессор, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Дереккөз: aqparaq.kz