Таңғы ұйқымнан әлі ояна алмай, мең-зең күйде жатқанмын. Сыртқы есіктің сарт-сұрт асығыс жабылғанынан секем алып, атып тұрдым. Сөйтсем, анам екен, түрі боп-боз. Әкемнің қолынан тастай қылып ұстап алған, жіберер емес.
«Қорқып кеттім» деген сөзді сан қайталап айта береді, көздері мөлтілдеген жасқа толы. Даусы дірілдей: «Зират басына барып едім, қатты шошынып қалдым. «О-о, Аллай» деген дауыс құлағыма ап-анық естілді», - дей береді.
Менің сансыз сұрағыма әкем: «Зират басында рулас ағайдың қабіріне топырақ салмақ болып алға кеткен, баж етіп кейін қашты» - деп жауап берді. Кейін ұққаным, ағайдың қабірінің алдында үлкен жеңгесінің де қабірі болатын, соның қасынан байқамай өтіп бара жатқанда, «Ой-й, Алла-ай!» деп күңіренген дауыс зиратты басына көтерген және белгісіз бір күш еріксіз өз жағына қаратқысы келіп тартқандай болады. Шошынған анам алды-артына қарамастан қаша жөнеледі.
«Үстіме бейне бір ыстық су құйып жібергендей болды. Тұла бойымды игере алмай, басқан аяғым кейін кетіп, үйге әкеңе сүйеніп әзер жеттім, құлағымда күңіренген дауыс әлі тұр», - деді өз-өзіне келе алмай отырған анам. Содан әкем: «Бұлай болғаны жарамас. Қатты шошынсаң, «қорықтық» құйдырғанымыз жөн болар», - деді. Мен де әкемді құптадым.
Ауылымызда Разия есімді апай бар болатын. Бірнеше жылдан бері көрші тұрамыз. Сынық сипайтын, қазақы ем-дом жасайтын қасиеті болатын. Сол кісіні шақыртып «қорықтық» құйғызған едік.
«Қорықтықты» қорғасыннан құяды екен. Қорғасынды ерітіп, анамды құбылаға қарата отырғызып құйған. Құдайдың кереметі, қорғасын кенет өзінен-өзі бірігіп, суретке айналды. Суретте зират басындағы ай белгісі мен жүрек бейнесі шықты. Жүректе аздап тыртық салынған. Бұдан бұрын мұндай нәрсені көрмеген мен аң-таң күйде сілейіп қатып қалыппын.
- Қорғасын белгіні орамалға орап, кейін ағын суға ағызарсың, қашан қорқынышың басылғанша жастығыңның астына қойып жат, - деп Разия апай кетті.
Осыдан кейін анам өзіне-өзі келіп, үй шаруасына араласып кетті. Бұл күнде бұл оқиға ұмыт болды, бірақ, менің ойым сан-сақта. Дүниеде бізге белгісіз тылсым бір күштің бар болғаны ма сонда...
Дереккөз: Massaget.kz