«Сүйегін сары алтынға сатқандар тұрғанда, сүйекке сатылды деп итке несіне өкпелейсің? Байтал шауып «бәйге бұйырмайтын» заманда көсегең көгеру үшін де бұйрық керек. Ара-тұра бағың мен бабыңды қатар «шаптыру» қажет болса, «қармағымды теңізге сүңгіттім, балық қайда қашар дейсің!?» деп дандайсымай, маздаған отты үрлеп тұрған абзалырақ. Десе де, мойынды алға жылжытып, қақ шекеңнен бір-ақ қояр «тәубе» деген «ішкі Құдайыңның» ой-пікірімен санасуды естен шығармағайсың. Бұралаң жолда бұралқы иттей «қыңсылап» қалмаймын десең, қолыңа қармақ қана алып қойғаның тиімсіз. Қармақты қабатын ірі балықты қызықтыратын рухани қоймаңа «алтын-күмістен» молырақ қор жи. Қыс түскенде ғана қара қолғабын іздейтіндердің ізінен емес, күн жылынса да қар астында қалған ізі желдің өтіне төтеп беретіндердің ізінен ер! Міне, сонда ғана «аяққа шылғау қылуға да жарамайтын» киттің маталарындай болмайсың! Қолжаулық сұрағанға қолбала боламын десең де өз еркің. Бірақ, жақсылық жасаған адамың сен бір күні кәлимаңнан жаңылып, шалыс басқаныңда бірсәттік кері әрекетіңді құлдырау деп ұғып, бесжылдық мейіріміңді санасында жоққа шығарады.
Ондай надандармен тайталасып қайтесің, «біздің Ақтөс те сөйтеді» деп сәл жыми да, өмірден ләззат ал! «Өмір тым қысқа!» деп жазылған атасының өзіне қалдырған өсиетхатын оқып болғаны сол еді, сыртқы есікті төпелете қағып сығандар кіріп келді.
Ентелей ішке енгенген аузы-ауыздарына жұқпай сөйлей жөнелген үш сыған келіншектің бірі төрге барғанда, жалмауыз кемпірдің тырнағындай қорқынышты, жасанды тырнақтар жасырылған қолын кеудесіне басып, әрең демалғандай отыра кетті.
«Отырсам тұра алмаймын, тұрсам отыра алмаймын» деп сырт көзге морт сынатындай сезілген жуан белін уқалап біраз отырды. Қасындағы серіктері де «бұның ішкі сыры бізге мәлім» дегендей, ит көргенде жүндері тікірейе жөнелетін мысықтарша бұрышта үнсіз үрпиісе қалды.
Әлгі жүрегі қысыла отыра кеткен сығанның сыры сәлден соң ақырындап ашыла бастады. Әлгінде ғана атасының өсиетхатын оқып болған сары қыздың ұсынған қызылкүрең шайынан кейін маңдайынан тері бусанып, алдына төгілді. Құдды алдарында қари отырғандай, жолбастаушыларының аузына кіріп кетердей түр танытушылар бастапқы таңданыстарынан айныған. Жүздерінен шаттықтың лебі еседі.
Бір кезде сыған әйел белдемшесінің етегін түріп жіберді де, жұқа матадан тігілген жасырын қалтасынан карталарды алып шығып, ақ дастархан үстіне жайды. Әр картаны екі саусағының арасына қыстыра таратқан сайын әрқайсысынан сыр сандықтың сырлары ағып түсетіндей көрінеді. Араларында әлемде жоқ данышпан отыр деп ұғатын үй ішіндегілердің тағаты таусылды ма, бәрі хормен «Не көрдің?» деп, оған сұраулы көзбен қарады.
Бал ашушы «табынушыларымды әлі де қызықтыра түсейін» деген қалыпта үн-түнсіз сыртқа атып шықты. Ізінен шашбауын көтерушілер де тұра ұмтылды. Әрине, үй иесі де бұл орайда қалыс қалмады. Дереу әлгі сығанның жанына жетіп келіп: «Неғылған адамсыңдар? Не болды, тыныштық па?.. Кетіңдер, үйімнен!» - деп бір түп жүзім ағашы отырғызылған бақшаны басына көтерді.
Жүзімнің шырынынан дәметіп, үймелей қалған араларға мән бермей, батылдығын иіп келген сыған картадан көргені дәл осы қара жүзімнің астында көмілгенін айтты. Бірақ, үй иесі «Маған ешқандай балгерлік, көріпкелдігің керек емес, табаныңды жалтырат!» - деп қояр емес. «Сенбесеңіз, қазып көрейік! Айтқаным айдай келмесе, ақы сұраймаймын сізден», - деп сыған да райынан қайтпады. Ал «Көріпкелдік - шайтанның жымысқы әрекеті» деп ұғатын үй иесі: «Сендер тек ақша табудың жолын іздеп тұрсыңдар. Керек емес!» - деп қасарысты да қалды. Әйткенмен, қадалған жерінен қан алмай қоймайтын сығандарға бір адамды дегеніне көндіру, сендіру не тұрады, тәйірі!?
Ақыры оны көндіріп, жүзімнің түбін қазды. Қара топырақ арасынан бір сәтте түйдек-түйдек матаға оралған қап-қара адам пішініндегі қуыршақты алып шықты. Қуыршақтың арқасы ағашға оралып, асылып қалған адамның әрекетін меңзеп тұр.
Сыған әйел топырақтан тапқанын үй иесіне ұсынды да, «Бұл - үйіңдегі бір адамды дуалаудың белгісі. Анығында жақын туыстарың өз туған бауырларын дуалаған, қысастық қылған. Сенбесеңіз, есіңізге түсіріңіз, бір жыл бұрын үйіңізде бір адам қайтыс болды ғой. Жаңа карталар солай «сөйледі». Айтқаным рас па?» - деді қарсы алдында абдырап қалған кісіге қарап.
«Иә, сөзіңіздің жаны бар...» - деді ол, жанарын төмен салып.
«Дұшпаныңызды алыстан іздеп керегі жоқ. Ол - туысыңыз. Үйіңізге келіп, асыңызды ішіп, күліп отырып, ыдысыңызға түкіріп кеткен. Бұны өртеп жіберіңіз, оттың түтіні дуалаған адамның үйін өзі-ақ іздеп табады», - деді сыған кішкенғай ағашқа асылған қуыршаққа тағы бір мәрте қарап. Сол сәтте дереу ошаққора жаққа жүгірген үй иесі отты тұтатты. Лапылдаған қызыл жалынның арасынан әлдекімнің шыңғырған даусы естілді.
Осы оқиғадан кейін түнімен басы мең-зең боп ұйықтай алмай шыққан оның таңсәріде ғана көзі ілініп кеткен. Кенет шырылдаған телефон қоңырауы тәтті ұйқысын бұзды. «Алло!» - дей бергені сол еді, «Қайын апаң мүгедек болып қалыпты. Кіші апаң ішек-қарны ақтарылып, аурухананың жансақтау бөлімінен бір-ақ шықты», - деді телефонның арғы жағындағы ағайы.
«Еее, дуалаған кім екені белгілі болды» деп ойлаған бұл сәл езу артты да қайтадан тәтті ұйқының «ауылына» аттанып кете барды...
Арада уақыт өте келе тылсым құбылысқа таңданды... Шапағат СЕРДӘЛІҚЫЗЫ