15.11.2019, 17:15

Есі дұрыс адам жолға дайындалады

фото: el.kz
Әлгі танысым түгілі, сол ажал құшқан жанның өзі өлім жақындағанын сезді деймісің? Оған ажал күтпеген жерден келген. Яғни, әлгі кісі алыс сапарға еш дайындықсыз бірден аттанып кете барды. Ал дайындықсыз жолға шыққан адамды не күтіп тұратыны кім-кімге де белгілі.

Өзекті жанға бір өлім демекші, әрбір тірі пенде ерте ме, кеш пе, міндетті түрде ажалдың дәмін татады. Бұл - екіні екіге көбейткенде төрт болады дегендей, дау туғызбас ақиқат. Бірақ та, осындай даусыз ақиқатқа қарамастан, пенделер бес күнгі тіршілікте өздерін мәңгі жасайтындай, ажал ешқашан келмейтіндей көріп, адами тілмен айтқанда, жаман істерді, дін тілімен айтқанда, күнәні еш айыл жимастан жасап жатады.

Егер сіз алыс сапарға шығатын болсаңыз, уақыты келгенде көлікке отырып, бірден жүре бермейсіз. Алдымен жолға қажетті заттарыңызды алып, киім-кешегіңізді түгендейсіз, құжаттарыңыз бен қажет ақшаңызды дайындайсыз, жақын туыстарыңызға ескертесіз. Осылайша, алыс жолға өзіңізше қажетті дайындықты жасайсыз.

Ал енді жолға дайындалмай алыс сапарға бірден жүріп кеттіңіз делік. Сізді не күтіп тұруы мүмкін? Әрине, күтпеген көп қиындықтар. Ол алдымен вокзалдан пойызға билет аларда басталады. Егер жаз мезгілі болса, алыс сапарға пойызға билет алу да оңай болмайды.

Жә, вокзалға келдіңіз де бірден билет алдыңыз делік, одан кейін пойызға отырған соң бірнеше тәулік жол жүресіз. Жолға қажетті азықты жолай сатып аларсыз, бірақ та, бір киер киіміңізбен пойызда жүру қиын болмақ. Алдын ала дайындап алып шыққан жолда киетін жеңіл киім қажет.

Одан қалды, барған жеріңізде сізді ешкім күтіп алмаса, бұрын бармаған жер болса оны іздеп табу да біраз қиындық келтірері анық. Таксиге тәп-тәуір ақша керек болады. Жалпы, алдын ала дайындалмай бірден шыға салған адам үшін сапарда кездесетін қиындықтар аз болмасы белгілі. Сондықтан, ақыл-есі дұрыс әрбір адам алыс сапарға дайындалып шығады.

***     ***    *** Кеше кешкісін бір таныс жігіт телефон шалып, таңертең өзімен бірге қалада өткізілген ауыл тауарлары жәрмеңкесінде шәй ішкен лауазымды қызмет істейтін орта жастағы адамның көлік апатынан кенеттен қайтыс болғанын айтты. Тіпті, таң қалғанын жасыра алмады. Таңертең ғана ашық-жарқы әңгіме айтып, бірге болған азамат кенет о дүниелік болады деп үш ұйықтаса түсіне кірмегендей екен.

Әлгі танысым түгілі, сол ажал құшқан жанның өзі өлім жақындағанын сезді деймісің. Оған ажал күтпеген жерден келген. Яғни, әлгі кісі алыс сапарға еш дайындықсыз бірден аттанып кете барды. Ал дайындықсыз жолға шыққан адамды не күтіп тұратыны кім-кімге де белгілі.

Будда дінін ұстанушылар арасында мынадай қағида бар: өмір дегеніміз — өлімге дайындалу. Яғни, буддашылар үшін мына фәни жалғандағы тірліктің жалғыз мәні – ажалға дайындалу екен. Олар өмір бойы өлімге дайындалумен өтеді.

Ал, енді өзіңіз есіңізге түсіріп көріңізші: осы тірлігіңізде ажал туралы бір рет байыппен ойланып көрдіңіз бе? Мен өлемін, өлгеннен кейін мені не күтіп тұр, ажалдың арғы жағында не бар, оған мен дайынмын ба? Осындай сауалдарды сіз өзіңізге өміріңізде бір рет қойып көрдіңіз бе және жауабын ойлап ақылға салдыңыз ба?

Қайта оралмас мәңгілік алыс сапар – өлімге дайындық дегеніміздің өзі адамның өзіне өзі жоғарыда аталғандай сауалдарды қойып, соның жауабын іздеуінде болса керек. Егер ажал жайында ойламасаңыз, әлі де кеш емес, шындап ойланып, келмей қоймайтын ажалдың арғы жағында не күтіп тұруы мүмкін екендігін ақыл таразысына салып көріңіз. Сонда бұл құбылыстың мәніне тереңірек бойлап, оған қалай дайындалуға болатынын бағамдайтын боласыз.

Дереккөз: akikat01.com

Тегтер: ажал мәңгілік