$ 494.87  520.65  4.91

«Қап-қара болып тұтығып кеткен»: үй жануарлары да иесін жоқтайды

Әкем кешке жұмыстан келе сала ботасы мен құлынына жағдай жасап, бидайдың талқанына құмшекер араластырып, суға илеп, өз алақанынан тамақтандыратын.

Маусым айы. Ол кезде мен алтыншы сыныптан жетінші сыныпқа өтіп, балалық дәуренмен қоштасып, бозбалалық шаққа қадам басып жатқан кезім… Әкем үйге базардан бір бота, бір құлын алып келді. Барлығымыз аң-таң. Бірде ботаның мөлдіреген көзіне қарасақ, бірде құлынның желбіреген тұлымына қарап, үйімізге бақ пен қыдыр кіріп келгендей жағдайды бастан кешіріп тұрмыз.

Әкем кешке жұмыстан келе сала ботасы мен құлынына жағдай жасап, бидайдың талқанына құмшекер араластырып, суға илеп өз алақанынан тамақтандыратын. Әкем кей кездері жұмыстан түрлі себептермен кешігетін күндер де болады, сол кездегі бота мен құлынның жүздеріне көз жүгіртсең, аянышты халге түсесің, екеуі боздап-кісінеп сол кісінің жолына қарап, өмірде сол кісінің аялы алақанынан жеген тамақтан басқа тамақ жоқ сияқты сезінетіндей.

Жылдар жылжып өтіп жатты, ботамыз түйе, құлынымыз бие болды. Бірақ әкемізге деген өздерінің сол бота, сол құлын кезіндегі мінездерін жоғалтқан емес, сол алақаннан әлі де болса құмшекер қосылған талқанмен тамақтанғысы келіп тұратынын сезген әкей бірден түсіне қойып, өзінің сол жұмысына кірісіп кететін еді.

1980 жылдың тамыз айы. Алматы қаласына жоғары оқу орнына барып, жолым болмай ауылға қайтып келдім. Үйге кірсем жан әкем төсек тартып, ауырып жатып қалыпты. Айналамды қараңғы түнек басқандай, ауыр жағдайды сезіндім. Үйдің кенжесі болғандықтан ба, мені әкем ерекше жақсы көретін еді. Менің келгенімді көрген әкемнің жүзінде қуаныштың нұры ойнап шыға келді, орнынан әрең қозғалып, бауырына басып, маңдайымнан иіскеп, көзінде мөлтілдеген жас пайда болды. Анамды шақырып алып, осы төсектен енді тұрмайтынын, о дүниеге аттанатынын білгендей тебірене сөйлеп, менің болашағыма түйесі мен биесін сатып, жағдай жасауды аманат етіп тапсырды. Анамның көзіндегі мөлтілдеген жасты көргенде, менде шыдай алмай еріксіз егіле бастадым.

Сол жатқаннан әкем төсек тартып ұзақ жатты. Көзінің тірісінде түйені ботасымен бір кісіге сатқызып, теңгесін түйіншекке оратып, келер жылға менің жолыма аманат қылып, сандыққа салдырып қойды.

1980 жылдың желтоқсан айында ауыр науқастан ардақты жан әкем келмеске аттанды.

Әкемізді арулап, жаназасын шығарып, зиратқа апара жатқан уақыт болатын, кенеттен үй жақтан жылқының жанұшыра кісінеген дауысы естілді.

Жаназаға жиналған халық барлығы кісінеген дауысқа жалт қарап, бастарын шайқап, бір-бірімен дабырласып, марқұм әкеммен жануардың арасындағы бауырмалдық байланыс бар екенін байқап, байлауда тұрған бас жібін үзіп, ауланың ішінде жансыз жатқан әкемнің мүрдесіне тесіле қарап, жылап тұрғанын көріп таң қалысты.

Сол жылы бие қысыр қалып, қысқа соғымға бағып жатқанбыз, иесінің о дүниеге аттанатынын сезген жануар екі көзінен жас сорғалап, ештеңе жемей жатып қалды. Ағайындар ақылдаса келіп, әкемнің жетісіне құрбандыққа шалып, қасиетті жануармен де қош айтыстық.

Келер 1981 жыл мен үшін сәтті жыл болды. Алматы қаласына барып, жоғары оқу орнына мемлекеттік емтихандарды ойдағыдай тапсырып, студент атандым. Қуанышымда шек жоқ, ауылға жетуге асықтым, мені аялап өсірген анамды сағындым.

Ауылға келсем, барлық туысқандарым менің жолыма қарап, алаңдаулы екен. Әсіресе анамның қуанышында шек жоқ, жиған-тергенін ағайындарға шашып жатыр.

Кеш батты. Қараңғы түн. Аспанда жұлдыздар жарқырап, аймен таласып, нұр сәулесін маржандай шашып жатыр. Ауылдың таза саф ауа-сын емірене жұтып, өткен өмірді еске алып, болашаққа көз тастап, ұйқыға кеттім. Таңертең анам маңдайымнан сипап, үнсіз оятты. Сары самаурынға шай қойып, сары май мен бауырсағын, тандырға жапқан ыстық нанын дастарқанға қойып, мені таңертеңгілік асқа шақырды. Екеуміз сүт қосқан қара шайды ішіп, біраз сыр ақтардық. Бірақ анам бір нәрсені бүгіп қалғандай болды, көзіне ыстық жас алып, үнсіз қалыпқа көшті.

Шай ішіп, тамақтанып болған соң, анам «жүр сыртқа шығайық, неге көзімнен жас шыққанның куәсі боласың» дегендей қимыл білдіріп, есіктің алдына шыға бергенім сол еді, шарбақтың арғы жағынан баяғы сатып жіберген, әкемнің бота кезінен баққан түйесі, екі өркеші құлаған, қап-қара болып тұтығып кеткен, мөлдіреген екі көзінде жас, иесін жоқтап тұр. Осы жағдайды көріп, менде көзіме еріксіз жас алып, анамның ішіндегі бүгіп қалған сырын, көзіндегі ыстық жасын алдымда тұрған жануардың бойынан оқығандаймын.

Осы күндері адамдар арасындағы кейбір қолайсыз жағдайларды көргенде, мейірімсіздік қасиеттердің көбірек орын алып жатқанына қатты қынжылып, терең ойға түсіп кетемін.

Неге бұлай, жануар екеш жануар да иесін іздеп, құлындағы дауысын құраққа шығарып кісінесе, ботадай боздап, иесінің алақанынан жеген тәтті тамағын аңсап, сол иесі қайтып келетіндей үмітін үзбей, сарылып есік алдында тағатсызданып, адам баласына жақсылық тілеп тұрғандай. Ойлан адамзат, қайда кетіп барасың? Ойлан…

Дереккөз: oinet.kz

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары