Атқамінерлердің артын әлемжеліде аймандай қылу — қазір жындыханада жатқан белсендінің басты арманы болатын. Алыстан ат дүбірін естісе бір орында тыпыршып тұра алмайтын жүйрік айттай мұның да билікке қатысты сыбысты құлағы шалса өзіндей Жазғышбектерден бұрын жазуға тырысатын әдеті бар-тын. Қасына шарж не карикатуралық сурет жүктей сала әлемжеліге бірінші жариялауға жанталасатын. Сөйтіп, ерекше жазбаларымен танылып, екі жеп биге шығып жүрген оның соңғы күндері тілі ғана емес, қолы да байлаулы. Астарлап айтсақ, көзі соқыр, құлағы керең. Мүгедек... Иә-иә, шалт естіген жоқсыз, мүгедек. Мүгедек болмағанда қайтсін!? Себебі, санасын улайтын, ақыл-естен айыратын екпені дәрігерлердің блогердің тәніне қинап егіп жүргеніне тіпті, бір жұмадан асқан. Содан бері "қырам-жоям"деген арманының күлі көкке ұшқан.
Аңдыған жау алмай қойсын ба!? Миғұла адамдай өзінен-өзі сықылықтап күледі. Дәрінің күші кете бастаса, әуелгі есі дұрыс қалпына келіп, етек-жеңін жинай қояды. Блогердің өз-өзіне келе бастағанын камерадан бақылап отырған жандайшаптар осы қылығын байқаса бітті, ызыңдаған арадай, топырлап келіп, қайтадан екпесін салып, улы жыландай зәрін төгіп кетеді. Міне, блогердің бойынан дәрінің күші кете бастады. Қазір әлгі «ақ халатты» деген аты болмаса, арам пиғылдылар қайтадан әдетіне көшеді деп, есінің түзу екендігін білдіртпей отырған. Бірақ, бұл жолы күткен жамандығы келе қоймады. Әдеттегідей әлсірететін дәрі бермеді, екпе салмады. Мұндай рақымшылықты күтпеген ол, жындыханадан қалай да қашып кетудің жолын ойластыра бастаған-тын. Кенет, мұның төсекте жатқанын ескерместен, баса-көктеп біреу кіріп келді. Өзін тергеушімін деп таныстырған әлгі адам блогердің көзіне тесіле ұзақ қарап отырды да:
«Осы жазбаңыз үшін өмір бақи бас бостандығыңыздан айырылатыныңызды білесіз бе? Сіздің бұл жазбаңыз заңға қайшы. Адамның жеке басына тіл тигізуге болмайтынын қалайша білмей қалдыңыз?», — деп тоқтады. — Кешірерсіз, заңнан мақұрым едім. — Олай өтірік айтпаңыз. Алдайтын адамды тапқан екенсіз! — Шыным осы. — Саяси көзқарасыңызды жазып неңіз бар, артыңызда тіреп тұрған біреуіз бар ма еді, осыншама шындықты жазатындай? Қазіргі заманда, білімге де, қорғайтын білек күші керек. Білек күші деп қара күшті емес, билік күшін айтып тұрмын бұл жерде, сізге... — Саяси сауатсыз едім… (мырс етіп күліп).
….Дәл осы кезде тергеуші бағанадан бергі сабырлы қалпынан лезде айнып, шыж-быж бола қалды. Қолындағы портфелін бұған қарай лақтырып жіберді де, шашынан сүйреп, қабырғаға бір-ақ жабыстырды. Блогер шынында да есі ауысқан адамдай сықылыптап бар дауысын шығара тоқтамастан тағы да күлді. «Маған біреу зорлық көрсетіп жатыр-ау деген ой санасына кіріп шықпайды екен. Мынаған берген дәріміз енді күшіне ене бастапты», — деп осы сәтте тергеуші мен блогердің айқасын сырттай камерадан бақылап отырған екі психиатр өздерінше тау қопарғандай болып отырған-тын.
Бірақ, әрдайым «Рухың түспесін, сағың сынбасын!» деп әр дәріні ішкен сайын, Алладан «Ақыл-есімнен айыра гөрме! Сенің бар екенің рас болса, мына дәрінің маған әсер етуінен сақтай гөр», — деп тілейтін блогердің құпия құтқарушысының «іске кіріскендігінен былғары орындықтағылардан басқа құдайларын мойындамайтындар» хабарсыз еді. Сондықтан көздерін шел басқан олар жеңістеріне масаттанып отыр. Шашының түбір ауыртып, құйқасын шымырлата тартқанына қарамастан тергеушіге күле қарауын тектіліктің белгісі санаған блогер, қарсы алдындағы тергеушісымақтың көзіне тіке қарады да: «Арасында жел шығарып тұру керек. Бұл жерде эмоциялық жел туралы айтып тұрмын сізге», — деп үнсіз қалды.
Дәл осы сәтте тергеуші таза ауамен тыныстағысы келіп, ашуын басу мақсатында терезені ашып тұрған. Жаңа ғана өзі шашынан тартып, қабырғаға бір-ақ соққан адамның өзіне күлімсірей қарағанынан мысы басылып қалған тергеуші: «Мейірбике, тамағым құрғап кетті, су бересіз бе!?» деп сырты есіке қарай үңіле берген қас-қағым сәтте-ақ, блогер ашық тұрған терезеден сыртқа қарай ытқи жөнелген-ді...
«Ақыл-есі кем, психикалық ауытқуы бар» деген жалған деректерді медициналық сараптама қорытындысына жазған дәрігерлер оның өліміне өздерін кінәлі санамады. Өйткені, танымал блогердің жынданып кеткеніне дүйім жұрт сенетін. 13 қабаттан құлағандықтан денесінің сау тамтығы қалмаған блогердің төсек-орнын ауыстырып, басқа пациентке орынды сайлаған жындыхана қызметкері оның жастығының астынан бір жапырақ қағаз тауып алды. Ашып қараса хат.
«Халқының бақытын көргісі келетін кез келген адам рухани ашқұрсақ болмауы керек. Қайыршылықтан құтылу үшін қоғам қаражатқа емес, қолдауға зәру. Ал, қолдау мен қорғауға, қаражатқа ие адам қашанда білімді, көзі ашық. Ал, көзі ашықтың сауаты мол болса, халыққа көмектеспесе, құны көк тиын. Себебі — сенің білімдарлығың халқыңа қызмет қылмаса, бұның барлығы «өлі капитал», «Ұлтқа қызмет ету — білімнен емес, мінезден» деп Әлихан Бөкейхан осындайда айтқан, — деп жазыпты хатында ол. Арада жылдар өтсе де, әлгі блогер қаза тапқан жерден көлік жүргізушілері өтуге қорқады-мыс.
Гу-гулеткіштердің айтуынша, блогердің рухы әлі күнге дейін тыныштылмай, жол бойынан өткен адамдардың көзіне ақ адам ретінде көрініп, «Менің арулап көміңдерші адамдар, быт-шыт болған денемді жинап беріңдерші!» деп өткен-кеткеннің жаналқымына жармасатын көрінеді… Шапағат СЕРДӘЛІҚЫЗЫ
01.12.2019 Түнгі сағат: 00:42