Мен дуа, магия дегенге мүлдем сенбейтінмін. Адамдардың өздерінің сол туралы қорқынышы сондай ой қалыптастыруға себеп болады деп ойлайтынмын. Алайда, жақыннан бастап дуаның бар екеніне, адамдардың бастарын дуамен айналдыруға, тіпті, дуалап ауру қылуға болатынына көзім жете бастады. Қазір дуадан өлердей қорқамын.
Менің жасым 21-де. Тұрмыстамын. Бір ұлым бар. Күйеуіммен бақыттымын. Жолдасым өзімнен 10 жас үлкен. Бір-бірімізді сүйіп қосылдық. Бірақ, күйеуім бойдақ кезінде жастықпен бір қателік жасап қойған... Некесіз туған бір баласы бар. Оны маған ол сәби дүниеге келгенше айтпай жасырып жүрді. «Неге айтпадың?» деп сұрасам, «сенен айрылып қалам ба деп қорықтым» дейді.
«Менің ол сәбиге еш қарсылығым жоқ. Болар іс болды, сәбидің кінәсі жоқ», - дедім. Ақша салып жатса, туған күніне сыйлық жасап, телефон арқылы сөйлесіп жатса, қайта қолдап, қолымнан келгенше көмегімді беретінімді кезінде айтқан болатынмын. Ес жинаса өзімнің баламмен таныстырып, араласқанын да қалаған едім. Үлкендердің кінәсі үшін ешқашан бала жауап бермейтіні рас қой.
Бірақ, ол баланың анасы бір зұлым болды. Күйеуім онымен тек балам үшін араласып жүрмін деді. Мен оған сендім. Себебі, ол өлердегі сөзін айтып сендірді. Бір рет шалыс қадам басқанын мойындады. Әлгі әйел телефоныма тыныштық бермейді. Тіпті, бір рет «жаным, аймалағаныңды сағындым» деп менің нөміріме басқа жігіт болып смс жазып, күйеуім мен екеуміздің арамызға жік салуға тырысты. Күйеуім де сол екенін біліп, кейін мән беруді де қойған еді. Оған қатысты барлық нәрсеге жолдасым екеуміз өзара түсінісіп қоя салатынбыз. Телефон және әлеуметтік желі арқылы мазалағаны - ол жасаған ісінің басы екен. Кейін істейтін істері сорақылана түсті.
Мен осыдан 6 ай бұрын екінші рет бала көтеріп едім, жақында белгісіз жағдаймен түсіріп алдым. Дәрігерлер де таңқалды. Өйткені, түсікке дейін денсаулығымда ешқандай кінәрат болмаған. Анализдер де ойдағыдай болатын. Ештеңеден қорқып, секем де алған емеспін. «Бәрі жақсы болып еді ғой» деп дәрігерлердің өзі қайта-қайта тексерді. Ал мен өлі сәбиімді көргенде қатты қиналдым. Жүрегім тоқтап қала жаздады.
Содан уақыт өте келе ем алдым. Дегенмен, бала көтере алмай жүрдім. Соңғы кездері денемді жара басып, түнімен ұйықтай алмай, жаман түстер көріп, шоши бастадым. Содан енем қоймай тәуіпке апарды. Мен ондай нәрселерге сенбейтін едім. Бірақ, сол тәуіп кісінің айтқан сөздерін естіп таңқалдым. Тәуіпке алғаш барғанда есіктен кіре беріп ем, «сені күтіп отырмын, тез жақында» деді. Мен сөйлей алмай, жақындап отыра бердім. Кекіріп, есінеп, өзін нашар сезіне бастады, сосын бір сағаттай бірдеңелерді оқыды. Содан соң «сені біреу қатты дуалаған» деді де, дуалаған адамның есімін айтқанда, не істерімді білмей қалдым. Жылап жібердім, есімді зорға жинадым. Сенбейін десем, «өзің біл, мен білгенімді айттым» деді.
«Қазірдің өзінде сені іштей дуалап жүр» деді тағы. Күйеуіме де дуа жасаған. Шынымен де соңғы кездері жолдасымның жолы болмай, қиналып жүр еді. Қазір оқытылып жатырмын. Не істерімді білмей, қорқып жүрмін. Үйіне барып, сол әйелді жанын шығарып тұрып ұрып, ұятқа қалдырайын десем, келешекте отбасыма бір кесірі тие ме деп қорқамын. Мұндайларды не заң орнына беріп қорқыта алмайды екенсің. Үйдегі кішкентайыма зияны тие ме деп те қорқамын. Уақыт өте оқытып, жолдасымды тартып алса қайтемін? Ақыл қосар болсаңыздар, қуанамын. Менің басыма салғанды сіздердің бастарыңызға салмасын деп тілеймін.
Ақмарал ӘБУБӘКІР, Алаш айнасы