Ертеректе қарт Қаратаудың баурайын мекен еткен бір кісі жалғыз перзентке зар болыпты. Ертелі-кеш Аллаға дұға қылып, жалынып-жалбарынып бала сұрайды. Сонда әлгі кісі «Бір нәрсе бере гөр, бір нәрсе берсең болды!» дей береді екен.
Әдетте адам баласы Жаратқаннан сәби тілегенде «Мейірімді, саналы, ақылды бала нәсіп ет!» деп тілеу қажет дейді көзкөргендер.
Күндердің күнінде Алла оның тілегін қабыл етіп, жұбайының құрсағына бала бітеді. Бірнеше жылдан кейін бала сүю бақытына ие болған олар, сәбидің дүниеге келуін тағатсыздана күтеді. Әрбір күнді тізбектеумен болады. Осылай сарғая күткен уақыт та жетті. Сөйткенде, толғағы қысқан жұбайы дөп-дөңгелек мес (қарын) босанады. Аң-таң болған олар тез арада молда шақыртады. Сонда молда: «Бұл тегіннен-тегін емес, Алланың сынағы болса керек. Жұбайың месті етегіне салып, қырық бір күнге дейін шыдамдылық танытып, түсірмей жүруі абзал», - деп өз жөнімен кете береді.
Бірақ, әйел баласы төзімсіз келеді емес пе? Қырық күн толғанда тағаты таусылған ана, жолдасына қарап: «Қашанғы месті көтеріп жүремін», - деп етегін жазып жібереді. Әлгі мес сайдан сырғи түскен доптай домалап жерге құлап, ортасынан қақ айырылады. Ішінен қолында аса таяғы бар кішкентай бала ытқып шығып: «Ата-анам, қырқына шыдап, қырық біріне шыдамадын ба?» - деп тауға қарай қаша жөнеледі.
Артынан ата-анасы да қалмайды. Бала желаяқтай жеткізер емес. Таудың етегіне жақындай түскенде артына бұрылып қараса, ебіл-дебілі шыққан ата-анасын көреді. Шөл қысқан болар деп аяушылық танытып, шар тәріздес дөңгелек тау тасын аса таяғымен түртіп қалады. Құдіреттің күшін қараңыз! Тастың дәл ортасы шытынап, үгіліп түседі. Сөйтіп, бір қауға шелек өтетіндей құдық пайда болады. Ішінен мөлдіреп су шығады.
Содан бала жалаң аяқ құдықты айналшықтап, аса таяғымен айналасын түртіп, біршама жер қашықтықта қалған ата-анасын күтіп тұрады. Ахылап-ухілеп жетуге тақап қалғанда, қайтадан тұра қашады (құдықтың айналасында баланың кішкентай іздері мен аса таяғының орны тайға таңба басқандай өрнектеліп қалған).
Бұл жолы бала таудың биік шыңына қарай өрмелеп, бейтаныс бір үңгірге біржолата еніп кетеді. Жалғыз перзентінен қол үзген ата-анасы егіле жылап қала берді. Міне, содан бері бұл жер (үңгір) «Жылаған ата» деп аталып кеткен.
Осыдан бірнеше жыл бұрын бір кісі Жылаған атаның басына барған екен. Оның айтуынша, үңгір сылдырма тастың үстімен, бір аяқ жолмен жүріп өтетін таудың биік беткейінде орналасқан. Ол жерден төмен қарасаң жер құдды теңіздей терең болып көрінеді. Үңгірдің бергі жағы жеңіл көлік өтетіндей кең болса, арғы беті кішкентай бүлдіршін ғана сиятындай көлемде. Сағат сайын үңгірден ақ көбіктей мөлдір су атқылап тұрады. Бұл көбік - ата-ананың көз жасы деседі.
Бір қызығы, пиғылы жаман, таза емес адам жақындаса, су тоқтап қалады... Судың дәмін бір татып көрген адам қайта-қайта ішкісі келіп тұрады екен. Бірақ, суды ыдысқа құйып, қайнатып ішуге болмайды. Ондай кезде су бірден көзден ғайып болады. Кезінде геолгтар ұзынқұлақтан осы үңгірдің құдіреті туралы естіп, «жәй ғана теңіздің толқыны болса керек» деп Жылаған атаның басына келіп, зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Үңгірден атқылаған судың қайдан пайда болғанын анықтау үшін екі ай уақыт жүреді. Бірақ, осы аралықта бірде-бір рет үңгірден су шықпайды. Сонда басын шайқап, таңқалған зерттеушілер: «Бұл шынында да Құдіреттің күші!» - деген екен.
Бір күні бір жігіт ағасы ниет етіп үңгірдің басына түнейді. Ертесіне бір молданың намазға жығылғанын көріп, қасына отыра кетіп, ішінен дұғасын оқиды. Кенет артқы жағынан нәрестенің шиқылықтаған даусы естіледі. Жалт етіп бұрылып қараса, кішкентай бала құммен үйшік жасап, соны қызықтап отыр екен. Орнынан атып тұрған жігіт балаға жақындай бергенде, ол бірден үңгірге кіріп кетеді. Содан соңынан ілесуге тырысқан жігіт үңгірден аттай бере ортада қысылып, шыға алмай қалады. Сөйтіп, молдалар шақыртып, құран оқытып, әзер дегенде шығарып алған...
Міне, «қырқына шыдап, қырық біріне шыдамадын ба?» деген осыдан қалған. Адамзаттың бойындағы ең асыл қасиеттердің бірі - шыдамдылық. Сондықтан қандай жайт орын алса да төзімді бола білейік!
Дереккөз: Алаш айнасы