$ 514.65  544.6  5.17

Жертөлеге жасырынған ауыл балалары бір түнде қырылып қалған (Мистика)

Балаларын мүмкіндігінше тығып ұстап, темір сандыққа, не болмаса адамның көзі түсе бермейтін үйдің қуыс-қуысына жасыруға тырысатын. Зәре-құты қалмай қорыққаны соншалық, тіпті, көбісі үй ішінен жасырын жертөле қазып, сонда жасыратын.
фото: pixabay.com
фото: pixabay.com

Жер бетіне күз келіп, ағаштар "тыржалаңаш" қалған кез. Аспан да түнеріп, мизамшуақ шақтың ауылы келмеске кеткен. Адам да, жан-жануар да дүдәмал күй кешетін осынау шақтың бір кешінде ауыл-ауылды аралап, екі кезбе жолға шықты.

Аңызға сенсек, әлгі екеуінің аты ел аузында "Жетек" аталып кеткен. Қызыліңір енді-енді құшағын кең жая бергенде, аш қасқырдай өлекселерді жамыра жеуге асығатын бұлардың жүрмейтін жері жоқ еді. Бәрінен де жегенді жақсы көретін олар, әсіресе, буыны қатпаған балалардың етін жеуден ләззат алатын. Елдің құлағын шулатқан гу-гушілердің айтуынша, олардың бойында жас марқаның етін жеген қасқыр секілді тағылық қасиет бар. Жас ет тіске жұмсақ тиіп, асқазанында біраз уақыт мейрам орнататын көрінеді-міс.

Көзбен көріп, қолмен ұстамаса да екеуінен дүйім жұрт ажалдан сескенгендей қорқады. Сондықтан болар, бұл аймақта кеш батса бітті, көшеде адам баласы жүрмеуге тырысатын. Балаларын мүмкіндігінше тығып ұстап, темір сандыққа, не болмаса, адамның көзі түсе бермейтін үйдің қуыс-қуысына жасыруға тырысатын. Зәре-құты қалмай қорыққаны соншалық, тіпті, көбісі үй ішінен жасырын жертөле қазып, сонда жасыратын. 
 

Дегенмен, айлалы жау алмай қойсын ба?!. Қырық жыл соғыс болса да ажалдының өлерін, тәңір өмір берсе, оның өмірін ешкім де жалмай алмайтынын білетін осы ауылдағы бір қария келін-баласына: 

"Не болды, сонда елде сендерде ғана бала бар деймісіңдер? Мың жерден қамал тұрғызсаңдар да ажалды өледі. Құдай әрі қарай өмір берем десе береді, алам десе алады. Құдайдан асып, балама өмір сыйлаймын деп бір тәңірге қарсы шығатын сендер кімсіңдер сонша? Кімнің дәм-тұзы болса, Алланың бергенінше ішіп-жейді, тіршіліктің рахатын көреді. Онсыз да өлгеннен кейін жердің астына кіреді. Көзі тіріде жердің бетін алшаң басып жүрсін. Тықпаңдар немеремді жертөлеге!" - деп енді ғана балаларының қолынан жетектеп, жер астына қарай асыққан екеуін екпінді үнімен тоқтатты.

Дәл осы кезде басқа ауылдастары балаларын үйді жинағандай бір жерге жинап, Жетек деген бәледен сақтанып отырған.

"Барлық жағынан қымтырдық. Жақсылап жасырдық. Енді Жетек те, басқасы да, құдай да балаларымызды алып кете алмайды. Жертөлеге жасырғанымызды әлгі бүжәйлар қайдан білсін!? Олар ойлана алмайды ғой", - деп ересектердің барлығы тәтті ұйқыға кеткен.

Таң алакеуімде тұрып, "Жетектер өз ұяларына қайтты, жарықта олар жүрмейді ғой" деп барлығы тыққан жерлерінен алтынды қайта қазып алуға барғандай, жертөлеге түскен. Бірақ, баламызды жертөлеге тығамыз деп, көрге тыққандарын олар білмеген еді.

Бұл кезде кеше түнде ғана "жетектен жасырамыз, баламыздың ұзақ өмір сүргенін қалаймыз" деген ата-аналар балаларының өлігінің үстінен бір-ақ түсті.


Сол кезде немересін жертөлеге келін-баласына жасыртқызбай қойған қарияның ғана ұрпағы аман қалған-ды. Бұған бәрі таңғалды. Көзі тірісінде балаларынан айырылғандар жандары құрып, етектерін жасқа толтырса да Қариядан "сіздің боқмұрын қарадомалағыңыздың ғана тірі қалғаны қызық" деп күмәнданып, бір жағы қызғана қараған.

Қария мұның себебін білді. Әйтсе де ләм-лим демеді. Тек тілін кәлимаға келтіріп, маңдайын жайнамазының үстінде жерге тигізуден талмады.

...Осы оқиғадан арада біраз жылдар өтсе де бір ауылда бір түнде көп баланың қырылып қалғаны әлі күнге дейін жұмбақ. Бірақ, ешкім осынау қаралы күнді ұмытқан емес. Жыл сайын "жас шыбықтардың" рухына құран бағыштаған кезде бәрі де:

"Балалардың ажалы - Құдайдың әміріне қарсы шыққандықтан. Тәубелеріңе келіңдер! Менен асып не білесіңдер, кімнің қанша өмір сүретінін мен ғана білемін деген Алланың адамдарға берген ескертуі шығар!?" деген ойға берілетін. Бәлкім, азалылардың ойы дұрыс шығар...

Әй, бірақ, кім білсін?!. Бұл өмір тылсым жайттарға толы ғой. Қай кезде сұрапыл дауыл соғарын білмейсің. 

Ал синоптиктер ауа райының қандай мінез көрсететінін Құдайдан артық білмейді. Келісесіз бе? 

Шапағат СЕРДӘЛІҚЫЗЫ 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары