Алматыда 25 жастағы Роман Ситакты өлтіріп, денесін бөлшектеп, қоқысқа тастаған оның екі танысына сот үкімі шықты. Бұл туралы Tengrinews.kz порталы хабарлап отыр.
24 жастағы Таир Абельдиновқа ҚР Қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша (кісі өлтіру, біреудің мүлкін ұрлау, құжаттарды ұрлау) айып тағылған болатын. Сот барысында оның үшеуі де дәлелденді және айыпты азамат 16,5 жылға бас бостандығынан айырылып отыр. Ал, 23 жастағы Азамат Қабденовке де тағылған барлық айыптар негізді деп табылып, сот оны 15,5 жылға түрмеге жапты. Сотталған екі азамат та жазаларын қатаң режимдегі колонияда өтеп, барлық мүліктері тәркіленеді.
Сонымен қатар, сот олардан материалдық шығын ретінде 332 мың теңге, моральды шығын ретінде 1 миллион теңге өндіруге шешім шығарды.
Жантүршігерлік қылмыс былтыр қыркүйекте орын алған болатын. 25 жастағы жігіттің бөлшектелген денесін Алматыда көпқабатты үйлердің ауласындағы қоқыс жәшігінен жергілікті тұрғындар тауып алған еді. Артынша полицейлер марқұмның екі досын күдікті ретінде ұстады.
Тергеу барысында белгілі болғандай, ауыр қылмысты жасауға Play Station 4 ойын приставкасы себеп болған екен. Марқұм Роман Ситак оны таныстарының біріне уақытша ойнауға берген, алайда алған адам қайтармапты. Бірақ, тағы бір приставкасы мен ноутбугын 190 мың теңгеге сатып алуға келіскен. Бұл ақшаның бір бөлігін Роман Ситак өзіне қалдырып, қалғанын достары Қабденов пен Абельдиновке беруі керек болыпты. Күдіктілердің айтуынша, ақшаны олар ала алмағандықтан Романды пышақтап өлтірген.
Мәйіттен құтылу үшін күдіктілер оны бөлшектеп, ауладағы қоқыс жәшігіне тастапты. Сондай-ақ, олар Романның қалтасындағы 30 мың теңге мен ұялы телефонды да қолды еткен.