Тергеуден өтіп жатқан экс-министр Қуандық Бишімбаев Қызылордадағы шыны зауытының құрылысынан ірі көлемде қаржы жымқырған. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының баспасөз қызметі хабарлап отыр.
"Атап айтқанда, Бишімбаев Orda Glass ЖШС мен оның мердігер компаниясы саналатын "Шымкентхиммонтаж" ЖШС арқылы Қызылордада салынып жатқан шыны шығару және оны өңдеу зауытынан 1 миллиард теңгені қолды қылған. Оның қылмыстық әрекетіне аталған компаниялардың басшылары Д.Ибрашев, Ж.Исабек және М.Қожабаевтың та қатысты деп айыпталуда. Ал, ұрланған қаражат жұмысшылардың тамағы мен жалақысы ретінде көрсетіліп, банктен шешіп алынған. Бұл ақшаның 2 миллион долларын Бишімбаев С.Нұрлыбек есімді жақын туысы арқылы өзіне алыпты. Ж.Исабек пен М.Қожабаев және С.Нұрлыбек қамауда, ал, Д.Ибрашев үй қамағында. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр", - делінген Ұлттық бюро таратқан хабарламада.
Естеріңізге салайық, Қуандық Бишімбаев биыл жыл басында қамауға алынған болатын. Оған ірі көлемде пара алды, сеніп тапсырылған қаражатты талан-таражға салды деген айыптар тағылуда.