15.02.2017, 03:21

6 жасар Виктория Мининаны зорлап өлтірген педофил 25 жылға сотталды

Маңғыстау облыстық қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық соты 6 жасар Виктория Мининаны зорлап өлтірген педофилді 25 жылға бас бостандығынан айырды. Бұл туралы "Лада" порталы хабарлап отыр.

Сотталған азаматқа алғашында Қылмыстық кодекстің 5 бірдей бабы бойынша айып тағылған болатын. Алайда, оның ішіндегі 121-баптың 4-тармағы үкім шығарар кезде алынып тасталыпты.

Айта кетейік, Виктория Мининаны зорлап өлтіру дерегі бойынша қозғалған қылмыстық іс сотқа былтыр 26 желтоқсанда түскен болатын. Кейін бұл процесті сот төрағасы Азат Ізбасаровтың өзі жеке бақылауына алды.

Ал, алты жасар жәбірленуші қыздың өзі болса Астанадағы ауруханада 21 қараша күні көз жұмған еді. Ұзақ уақыт бойы дәрігерлер оның өмірімен күрескен. Алайда, миы ауыр зақымданған кішкентай қыз сол күйі есін жиған жоқ.

Бұл іске қатысты күдіктіні полицейлер ізін суытпай ұстай алған жоқ. Тек қылмыс орын алғаннан бірнеше күн өткен соң ғана 32 жастағы ақтаулық тұрғын қолға түскен. Ол өзіне үкім шыққанға дейін тағылған айыптардың бірде-бірімен келіскен жоқ.