22.02.2017, 10:55

Алматы облысында букмекерлік кеңселер жабылуда

Алматы облысында заңсыз жұмыс істеп тұрған 84 автомат жойылып, 5 букмекерлік кеңсе мен 4 ойынхана жабылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алматы облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментіне қарасты Экономикалық тексерулер қызметі өткен жылы заңсыз кәсіпкерлікпен айналысқан азаматтардан 5 миллиард теңгеден астам қаржы өндіріп алды. Негізінен жалған ақша жасау, алкогольді ішімдіктердің заңсыз айналымы, салық төлеуден жалтару сияқты құқықбұзушылықтар көптеп тіркелген. Сондай-ақ бұл өңірде заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырушылардың қатары азаймай тұр. 2016 жылы тап осындай 70 заңбұзушылық анықталды.

«Қазір «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы аумағынан ойынхана ашқандардың қылмысы жан-жақты тергеліп-тексеріліп жатыр. Ақпан айының басында Қапшағайда екі заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру дерегі анықталып, қылмыстық іс қозғалды. Кінәлілер жауапқа тартылатын болады» деді Алматы облыстық мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Дәулет Ақылбеков.