Мәселеге бейжай қарамайтын шамамен 150 мың қазақстандық отбасындағы зорлық-зомбылық қылмыстары үшін жазаны күшейту туралы петицияға қол қойды.
ҚР Бас Прокуроры Берік Асылов отбасындағы тұрмыстық құқықбұзушылық үшін жаза қатаңдатылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Асыловтың айтуынша, биыл зорлық-зомбылық жасаған адамның қамау мерзімі ұзарған. Сондай-ақ, қос тарапқа екінші рет татуласуға мүмкіндік берілмейді.
Полицияның тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарының шағымдарына ден қою жөніндегі жұмысы қайта қаралды. Нәтижесінде, биыл үшінші тоқсанда әкімшілік жауапкершілікке тартылған отбасының берекесін қашыратындардың саны 7 мыңнан 27 мыңға дейін өсті. Жыл басынан бері кісі өлтіргені және ауыр жарақат салғаны үшін 30 адам ұзақ жылға сотталды, - деді Берік Асылов.
Сонымен қатар Берік Асылов Салтанат Нүкенованың өлімінен кейін бұл мәселеге бей-жай қарамайтын қазақстандықтар саны көбейгенін атап өтті.
Әйелдер мен балаларға қарсы жасалатын қылмыс қоғамды алаңдатып отыр. Жақында Астанадағы Салтанат Нүкенованың өлімі интернет кеңістікті дүр сілкінтті. Мәселеге бейжай қарамайтын шамамен 150 мың қазақстандық отбасындағы зорлық-зомбылық қылмыстары үшін жазаны күшейту туралы петицияға қол қойды, - деді ол.