ОҚО ІІД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының мамандары "бопсалау" дерегі бойынша 36 жастағы Шымкент тұрғынын қолға түсірді. Ол жергілікті тұрғынның видеокамераға жазылған жеке материалдарын интернет желісінде жариялаймын деп қорқытып, ақша талап етіпті.
Жәбірленуші болса дереу полицияға арызданған. Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының мамандары күдіктінің ізіне түсіп, жәбірленушіден 50 мың теңге алып жатқан жерінен ұстады. 1980 жылы туған күдікті бұған дейін адам денесіне ауыр жарақат салғаны үшін сотталған екен.
Аталған жайт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 253-бабы «Параға коммерциялық сатып алу» бойынша іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Қазіргі таңда күдіктінің өзге де қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталып жатыр.