13.01.2024, 05:30

Қазақстандықтар аты-жөнін қандай жағдайда өзгерте алады?

Фото: almaty.tv/kz

Аты, әкесінің аты, тегі өзгергеннен кейін 1 ай ішінде жеке куәлік пен паспортты өзгерту қажет.

Алматы қаласы әділет департаменті басшысының орынбасары Зәуреш Сатхожина қазақстандықтар қандай жағдайда аты-жөнін өзгерте алатынын айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Оның айтуынша, адамның тегі, аты, әкесінің аты мына жағдайда өзгертілуі мүмкін:

аты, әкесінің аты, тегі жағымсыз естілген жағдайда; атын, әкесінің атын, тегін айтудың қиындығы; некені мемлекеттік тіркеу кезінде жұбайының тегін алғысы келсе; некені бұзу кезінде тегін өзгертпей, некеге дейінгі тегіне қайта өтуге ниет білдірсе; алдыңғы некеден балалармен ортақ текті алғысы келсе; жұбайы қайтыс болған жағдайда некеге дейінгі фамилияны алғысы келген жағдайда; өтініш беруші некеге дейінгі тегінде болып, жұбайы қайтыс болғаннан кейін балаларымен бірдей фамилия алуға ниет білдіріп, фамилиясын өзгерту жөнінде шешім қабылдаса.

Ата-анасының біреуінің (ата-анасының әртүрлі ұлты кезінде) өтініш беруші таңдаған ұлтына сәйкес келетін атын және тегін алып жүруге тілек білдірсе, өмірде құжаттардағы атауынан өзгеше есімді алғысы келсе, некеге тұру кезінде жұбайының тегі қабылданса, некеге дейінгі тегін алуға ниет білдірсе, тегін, аты-жөнін өзгерте алады, – деді Зәуреш Сатхожина.

Ел тұрғындары бұдан басқа себептермен де тегін, атын, әкесінің атын өзгерте алады.

Мәселен:

ұлттық дәстүр бойынша тегін әкесінің немесе атасының есіміне өзгерткісі келсе; өтініш берушіні тәрбиелеген адамның тегіне өтуге не тегін сол адамның атына, әкесінің атына ауыстыруға тілек білдіру; жынысы хирургиялық өзгерген кезде таңдалған жынысқа сәйкес келетін есімді, әкесінің атын, тегін алғысы келген жағдайда.

Атын, әкесінің атын, тегін өзгерту не түзету үшін Қазақстан Республикасының аумағындағы кез келген тіркеуші органға (АХАТ) өтінішпен жүгіну қажет. Сондай-ақ «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ-қа өтінішті «электрондық үкімет» порталы арқылы электронды нысанда жіберуге болады.

Атын, әкесінің атын, тегін ауыстыруды тіркеуші органдар 16 жасқа толған, аты-жөнін ауыстырғысы келетін адамның жеке өтініші бойынша жүргізеді. Аты, әкесінің аты, тегі өзгергеннен кейін 1 ай ішінде жеке куәлік пен паспортты өзгерту қажет, – деп нақтылады әділет департаментінің өкілі.