Бұл түзетулер әлемдік тәжірибеге сай. Көптеген елде азаматтық алу үшін мемлекет тарихы мен мемлекеттік тілді білу бойынша емтихан тапсыру қажет.
Бұдан былай мемлекеттік тілді білмегендерге Қазақстан азаматтығы берілмейді. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Алекешев айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Оның айтуынша, «Азаматтық туралы» заңда азаматтыққа қабылдаудан бас тартудың негіздері нақтыланды. Енді мемлекеттік тілді білмегендер Қазақстан азаматтығын ала алмайды.
«Мәселен, мемлекеттік тілді қарапайым деңгейде, еліміздің тарихы мен Конституциясының негіздерін білмеген жағдайда азаматтық берілмейді. Қажет деңгейді Ғылым және жоғары білім министрлігі айқындайды. Түзетулер азаматтардың қоғамға тез бейімделуін көздейді. Тілді білу қоғамға тезірек сіңіп, мемлекет өміріне араласуы үшін қажет. Бұл түзетулер әлемдік тәжірибеге сай. Көптеген елде азаматтық алу үшін мемлекет тарихы мен мемлекеттік тілді білу бойынша емтихан тапсыру қажет», – деді ресми өкіл.
Сонымен қатар қос азаматтықты болдырмау үшін Қазақстан азаматтығынан айырудың жаңа негізі енгізілген. Яғни, Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін басқа мемлекеттің паспортын пайдаланған жағдайда еліміздің азаматтығы тоқтатылады.
Қылмыстық-атқару жүйесі бойынша да заңға түзетулер енгізілді.
«Мысалы, пенитенциарлық мекемелерде бейнебақылау камераларын қасақана бүлдіргені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізіледі. Сотталғандар өздерінің заңсыз әрекеттерін жасыру мақсатында бейнебақылау камераларын қасақана істен шығарады. Соңғы уақытта мұндай фактілер көбейген. Сондықтан Қылмыстық кодекске «Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде, тергеу изоляторларында, уақытша ұстау изоляторларында бейнебақылау жүйесін, сол сияқты оның компоненттерін қасақана жою немесе бүлдіру» деген 428-1-бап енгізіледі. Бұл жауапкершілік сотталғандарға да, ҚАЖ қызметкерлеріне де қатысты», – деді ІІМ өкілі.