18.09.2014, 04:07

Астанадағы қайтыс болған баланың өліміне геморрагиялық шок себеп болған

Сурет: baq.kz

№ 76 мектеп директорының айтуынша, қос оқушының да мінезі қалыпты болған, бұған дейін араларында келіспеушіліктер болмаған, деп хабарлайды Skifnews.kz.

Астана қаласы әкімдігі ресми сайтында жазылғандай, қалалық ІІД-нің хабарлауынша, сыныптасын өлтірген баланың психикалық ауытқуы бар. Ол 2013-2014 үйден білім алған. Ал биыл оған жалпы білім беретін мектепте құрдастарымен бірге оқуға кеңес берілген. Бұл туралы Астана қаласы прокуратурасының қызметкері Жасұлан Сәрпеков мәлімдеді. 

Елордалықтар қайтыс болған баланың жақындары мен туысқандарына көңіл айтып, қайғысына ортақтасады. 

– Бұл үлкен трагедия, баланың ата-анасы мен туыстарына көңіл айтамын. Қазір тергеу жүріп жатыр, ол аяқталғанға дейін бірдеңе деу қиын. Мектеп басшылығы мен мұғалімдерге келсек, тиісті комиссия құрылды, барлығы тексеріліп, шешім қабылданады, – деді ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов.

Астана қаласы Есіл ауданының прокуроры Біржан Мажреновтың айтуынша, оқушы кеуде тұсына тиген жарақатқа байланысты геморрагиялық шоктан жан тапсырған. Қазіргі кезде тергеуге дейінгі тексеру жүргізілуде. Аудандық прокуратураға оқиғаны жан-жақты және объективті тексеруді қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қабылдау туралы нұсқау берілді. Мектепте прокурорлар, полицейлер, ҰҚК қызметкерлері мен психологтар жұмыс істеп жатыр. Оқу процесі жалғасуда.