Бүгін Үкімет "Кейбір заңнамалық актілерді Конституцияға сәйкестендіру туралы" заң жобасын мақұлдады деп жазады ҚазАқпарат. Заң жобасын Үкімет отырысы барысында Әділет министрі Марат Бекетаев таныстырды.
"Ұсынылып отырған заң жобасының мақсаты - заңнамалық актілерді Конституцияларға өзгертулерге сәйкес келтіру. Жоба Президенттің Жарлығын орындау мақсатында әзірленді. Конституцияға сәйкес келтіру үшін жеті кодекс пен қырық алты заңға өзгерістер енгізу қажет. Қылмыстық кодекстің жиырма бір бабында азаматтықтан айыру түріндегі қосымша қылмыстық жаза көзделеді", - деп атап өтті М.Бекетаев.
Министрдің сөзінше, терроризм актісі, террористік топ құру, оған басшылық ету және оның әрекетіне қатысқаны үшін азаматтықтан айыру жазасы қарастырылған.
"ҚР негізгі ұлттық және өмірлік маңызы бар мүдделеріне ауыр зиян тигізетін қылмыстарға он бір бапта көзделген он алты қылмыс құрамдары кірді. Мысалы, геноцид, сепаратистік әрекет, экстремистік топ құру, оған басшылық ету немесе оның әрекетіне қатысу. Азаматтықтан айыру соттың заңды күшіне енген айыптау үкімі негізінде уәкілетті органдарда тіркеуге жатады", - деп атап өтті ол.
Сонымен қатар заң жобасында өзге әкімшілік-аумақтық бірліктердің әкімдерін тағайындау және босату тәртібі енді заңмен анықталғандықтан, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы заңына өзгерістер енгізілген.
Заң жобасында Президент Әкімшілігінің прокуратура жүйесі мен сот қызметіне қатысты түзетулер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныстары да кіріп отыр. Бірінші топтағы өзгертулер Президенттің заң шығару бастамасы тәртібімен Парламент Мәжілісінің қарауына енгізілетін жаңа редакциядағы "Прокуратура туралы" заң жобасымен байланысты. Екінші топтағы өзгертулер кассациялық сатымен қарастырылатын істердің нысанымен және судьяға кандидаттарға қойылатын талаптармен байланысты.