Алматыдағы христиан зираттарының бірінде келушілерге қарақшылық шабуыл жасады делінген күдіктінің бұған дейін бірнеше рет сотты болғанын қалалық ІІД-нің өкілдері айтып берді. Ведомствоның баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбектің мәліметінше, күдікті барлығы 20 жылдан астам өмірін темір тордың ар жағында өткізген екен.
Полицейлер 51 жастағы ер азаматты 10 мамыр күні ізін суытпай ұстаған болатын. Қолға түсіру шарасы жүргізілген жерден пышақ пен өзге де айғақты заттар табылып, тәркіленіп алынды. Жәбірленген екі әйел оны бірден танып, өздеріне шабуыл жасаған адамның сол екенін растаған.
Күдікті бұған дейін 4 рет сотталған екен. Ең алғашқыда 1982 жылы түрмеге жабылған. Кейін 1991 жылы тағы сотты болыпты. 1996 жылы адам өлтіргені үшін ұзақ мерзімге бас бостандығынан айрылса, 2005 жылы қарақшылық, зорлау деректері бойынша айыпты деп танылып, тағы да қамалған екен. Содан бостандыққа тек 2017 жылдың қаңтарында ғана шығыпты. Ол қарт анасымен бірге Түркісіб ауданында тұрып келген.
"9 мамыр күні ол зиратта екі әйелді тонаған. Бірін бүйірінен пышақтың сабымен ұрған. Полицейлерге 9 мамырда жасалған тағы бір қылмыстық факт белгілі, бірақ жәбірленуші арыз жазған жоқ. Күдікті кішкентай балалардың көзінше анасын тонаған. Қазір ұсталған ер азаматты сәуірде жасалған қылмыстарға қатысының бар-жоғы тексерілетін болады. Өйткені, ата-ана күні мен Пасханың уақытында зиратта осы тектес тағы бірнеше қылмыс орын алған. Күдіктінің үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 192-бабы, 2-тармағының 4-бөлігі бойынша іс қозғалды", - деді С.Әзірбек.
Еске салайық, бұған дейін алматылық журналист Татьяна Гуржий өзіне белгісіз ер адамның зиратта шабуыл жасағанын Facebook-парақшасында жазған болатын.