Орал қалалық сотында 42 жастағы Абдухалил Абдужаббаровтың соты басталды. Оған "терроризмді насихаттау" және "діни араздықты қоздыру" айыптары тағылған деп мәлімдеді Азаттық тілшілері.
Прокурор Қайрат Дәукеновтың айтуынша, Абдужаббаров 2003 жылдан бері Атырау. Орал және Ақтөбе мешіттерінде уаххабизм және тәкпір идеяларын насихаттаған.
"Жұртқа "шейх Халил" есімімен танымал Абдужаббаров намаз оқымайтын мұсылмандарды "кәпір" деп атап, халықты жиһадқа шақырып келген" дейді прокурор.
Абдужаббаров өзіне тағылған айыпты мойындамады. Сотқа оның ағасы, әйелі және балаларының бірі келді. Абдужаббаровтың адвокаты Жандос Бұлқайыр іспен танысып шығу үшін судьядан сотты кейінге қалдыруды сұрады. Келесі сот отырысы 1 тамызға белгіленді. Судья бұл іс бойынша жүзге жуық куәгер сұралатынын айтты. Куәгерлер өз өмірлерінің қауіпсіздігі үшін сұрау жабық болуын өтінген.
Биыл ақпанда Қазақстанға Сауд Арабиясынан "терроризмді насихаттады" деген күдікпен іздеу жарияланған азамат Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданының тумасы Абдухалил Абдужаббаров депортацияланған.