11.08.2017, 11:45

ШҚО-да күдіктілерді азаптады деп сотталған полицейлер ақталып шықты

Шығыс Қазақстан облыстық сотының апелляциялық коллегиясы күдіктіні азаптады деген айыппен сотталып кеткен Үлбі аудандық ІІБ-нің бес қызметкерін ақтап шығарды деп хабарлайды informburo.kz.

"Өскемен қалалық №2 сотының Арман Смағұловқа, Ерік Ілиясовке, Аманжол Қабдуллановқа, Алмаз Қадылбеков пен Қайрат Бүлкеновке қатысты 2017 жылдың 1 шілдесінде шыққан үкімі күшін жойсын. Өскемен қалалық ІІБ қызметкерлерін жазықсыз деп тауып, қылмыстың дәлелденбеуіне байланысты толықтай ақталып, қамаудан босатылсын", - деді ШҚО облыстық сотының төрағасы Нұрлан Қайырбеков.

Сотталған полицейлердің қылмысының дәлелденбегенін прокурорлардың өздері де мойындап, олардың ақталуын судьядан сұрапты.

Ақталып шыққан полицейлердің туыстары соттың жаңа шешімін әділ деп отыр. Олардың қуанышында шек жоқ. Ал, жәбірленуші ретінде арызданған азамат болса бұл шешіммен келіспейтінін айтты.

Еске салайық, тәртіп сақшыларын күдіктіні азаптады деп 1 шілде күні соттаған болатын. Оларды аудандық сот үш жылға бас бостандықтарынан айырды.