Қостанай облыстық Қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотында өңірге танымал дәрігер-психиатр Рашида Сандыбаеваның өліміне қатысты іс бойынша тараптарды тыңдау процесі жүріп жатыр деп жазады Alau.kz.
Кісі өлтірді деп бірден 4 адам айыпталуда. Олардың бірі марқұмның бұрынғы әріптесі Зәуреш Изалдина. Ол адам өлтіруге тапсырыс берген дейді айыптаушы тарап. Бұл қызметті ол 20 мың долларға да бағалаған.Сот отырысында Изалдина өзге күдіктілерден бөлек отырды.
Прокурорлар жүргізген тергеу ісінен белгілі болғаны, Зәуреш Изалдина облыстық жүйке жүйелер диспансерінің басшысы болу үшін сол қызметте отырған Бақытжан Қошинді де өлтіртпек болыпты. Алайда, оның бұл жоспары соңына дейін жүзеге аспай қалған.
Еске салайық, қанды қылмыс 20 ақпан күні орын алған болатын. Қылмыскерлер дәрігер Рашида Сандыбаеваны өз үйінде пышақтап өлтіріп кеткен. Тергеу барысында Рашида Сандыбаева мен Зәуреш Изалдинаның арасында 17 ақпан күні ұрыс болғаны анықталды.