15 күннен кейін бостандыққа шыққалы отырған экс-премьер Серік Ахметовке қатысты шыққан сот шешімін прокуратура тексеріп жатыр. Құзырлы орган үкімнен кінәрат таппаса ғана, Ахметов үйіне жіберілмек деп мәлімдеді КТК телеарнасы.
Алғашында 10 жылға сотталған Ахметов, өзі келтірген шығынды өтеуіне және тәуелсіздік күні қарсаңындағы рақымшылыққа байланысты 3 жарым жылдан аса мерзімі қысқартылған еді. Түрмеде отырған уақыты екі жылдан асқан. Мерзімінің 3 тен 1 бөлігін өтеген соң сотқа арыз түсіріп, жазасы бостандығын шектеуге ауыстырылған екен. Бұл туралы сот қаулысы 21 қыркүйекте күшіне енуі тиіс. Яғни, Ахметов енді қалған 4 жыл мерзімін бостандықта, бірақ қаладан аттап шықпай өткізуі керек. Естеріңізге салсақ, Серік Ахметов 2014-ші жылдың қарашасында қамауға алынып, 2015-тің желтоқсанында бөтеннің мүлкін талан-таражға салды, заңсыз кәсіпкерлікпен айналысты және қызметін асыра пайдаланды деген баптар бойынша бас бостандығынан айырылған болатын.
Марат Ахметжанов, ҚР Бас прокурорының орынбасары:
-Заңмен белгіленген мерзімін өтеп шығуы керек. Сонымен қатар колониядағы тәртібі ескеріледі. Ол үшін колония басшылығы берген мінездемелер қаралады. Мемлекетке немесе жекелеген тұлғаларға келген шығын өтелуі қажет. Міне осы талаптар орындалғанда ғана үкімді заңды деп санауға болады. Ол жағын тексереміз.