Шымкентте жергілікті тұрғындарды алдау арқылы ақшаларын алып келген 36 жастағы әйел ұсталды. Ол жәбірленушілерге өзін «полиция қызметкерімін» деп таныстырған екен. Сенімге кіру үшін полиция формасын киіп, «аға лейтенант» погонын тағып, қолдан жасалған құжаттарын көрсеткен деп мәлімдеді ОҚО ІІД баспасөз қызметі.
13 қыркүйекке дейін ішкі істер органдарына «алаяқтың құрбаны болдық» деген арызбен бірнеше азамат келген. Арыздарды тексеру барысында олардың барлығы да бір адамның «құрбаны» болғаны анықталды. Жалған полицей жәбірленушілерді жұмысқа тұрғызып беремін, құжаттарын реттеп беремін деп алдаған екен.
Арыз жазғандардың бірі – 53 жастағы Шымкент қаласының тұрғыны. Күдікті әйел оған мүгедектік анықтамасын алып беремін деп, өз «еңбегін» 100 мың теңгеге бағалапты. «Жалған полицей» жәбірленушіге анықтаманы әкеліп те берген. Алайда, кейінірек аталған құжаттың қолдан жасалғаны белгілі болды.
Шұғыл іздеу жұмыстары барысында Шымкент қалалық ІІБ қызметкерлері 1981 жылы туған әйелді ұстады. Ол 6 баланың анасы екен. Бұған дейін де алаяқтық әрекеті үшін сотталған. Мұндай қадамға әйел балаларын асырау үшін барғандығын айтып отыр.
Күдіктінің үйін тексеру барысында тәртіп сақшылары полиция формасы мен өзге де айғақ заттарды тәркілеген. Қазір оның 4 адамды алдағаны белгілі болып отыр. Дегенмен, жәбірленушілердің саны бұдан да көп болуы мүмкін дейді полицейлер. Күдікті қамауға алынып, оның үстінен қылмыстық іс қозғалды.