Астана қалалық сотында ҚР Ұлттық экономика министрлігінің бұрынғы басшысы Қуандық Бишімбаев пен осы іске қатысты өзге де 22 күдіктінің ісі бойынша негізгі сот талқылауы басталды деп жазады Қазақпарат.
Талқылау ашық сот отырысы тәртібінде өтеді. Онда аудио және бейнежазба жүргізуге рұқсат етілген. Еске сала кетсек, 31 қазан күні аталған іске қатысты алдын ала сот тыңдалымы өтті. Онда бұрынғы министрдің ісі бойынша күдіктілер тізімі жарияланды.
Атышулы іс бойынша күдіктілердің басым бөлігі - «Бәйтерек DEVELOPMENT» АҚ бұрынғы қызметкерлері. Олардың арасында «Бәйтерек DEVELOPMENT» АҚ бұрынғы басқарма төрағасы Бақыт Жақсыбаев, оның орынбасары Аслан Жақыпов, «Бәйтерек DEVELOPMENT» АҚ департаментінің бұрынғы басшысы Бауыржан Әйтімбетов, «Бәйтерек DEVELOPMENT» АҚ дирекциясының бұрынғы директоры Сәдуақас Сапарымбетов және «Бәйтерек DEVELOPMENT» АҚ басқарушы директорлары болып жұмыс істеген Дельрух Анарбай мен Ғазиз Сариев бар.
Сондай-ақ, іс фигуранттарының қатарын «Orda Glass» ЖШС бұрынғы басқарма басшысы Дәурен Ибрашев, «Құрылыс металл конструкциялар зауыты» ЖШС бұрынғы бас директоры Жақсылық Исабек, «Шымкентхиммонтаж» бұрынғы бас директоры болған Марат Қожабаев және «Қазмұнайгаз» бөлімшелерінің бірінің бас директорының орынбасары болған Ерлан Айталиев толықтырады.
Одан бөлек, Азиз Акрамов, Қанат Смағұлов, Бауыржан Есмұханов, Арман Қамаров, Ернар Жұманазар, Сәбит Утебалиев, Қайдар Косшанов, Данияр Олжабеков, Уәлихан Жұмабай, Әділжан Акрамов және Нұрлыбек Сұлтан - Бишімбаев ісі бойынша күдіктілер тізімінде.
Еске сала кетсек, 2017 жылдың 10 қаңтарында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Ұлттық бюро бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ұсталғанын хабарлаған болатын. Ұлттық бюродан мәлім еткендей, ол бірқатар адаммен алдын ала келісіп, ірі көлемде бірнеше мәрте пара алды деп айыпталуда.
Бишімбаев Қызылорда қаласында әйнек шығаратын және өңдейтін зауыт салу барысында «Orda Glass» ЖШС-ның ведомстволық бағыныстағы компаниясы мен оның мердігерлік ұйымы «Шымкентхиммонтаж» ЖШС арқылы 1 млрд теңге жымқыру қылмыстық схемасын ұйымдастырды деген күдікке ілінді. 12 қаңтар күні Астана қаласы Алматы аудандық №2 соты Қуандық Бишімбаевқа қатысты оны «қамауға алу» туралы санкция берді. Тергеу нұсқасы бойынша, Бишімбаев заңсыз жолмен алған ақшалай қаражаттарын жеке қажеттіліктеріне жұмсаған.