04.12.2017, 11:34

Сейтқазы Матаев бостандыққа шықты

Қазақстан журналистер Одағының төрағасы Сейтқазы Матаев шартты түрде түрмеден босатылды. Бостандыққа шыға салысымен ол әріптестерінің бірнеше сұрағына жауап берді. 

Матаев өзінің қамауға алынуында саяси астар бар екенін айтты. Десе де, ешкімге кек сақтамайтынын тағы жеткізді. 

«Мемлекет айып тақты ғой. Біз онымен келіскен жоқпыз. Мен қазір баламды уайымдаймын. Балама көмектесу керек. 5-6 ай менің қасымда болды. Сол жерде кезекші санитар боп жұмысқа орналасты. Әсетті әдейі қамап тастады. Маған тура айтты: «Сен кінәні мойында. Сол кезде балаңды шығарамыз деп», – деді журналист. 

Матаев сондай-ақ жарына, туған-туыстары мен өзін қолдаған барлық достарына алғысын білдірді. 

16 қараша күні Қапшағай қаласының соты Сейтқазы Матаевты шартты жазамен босату туралы шешім шығарған. Бірақ, прокурор Сейітқазы Матаевтың сот үкімі бойынша мемлекетке келтірген 200 миллион теңге залалды өтемегенін айтып отыр. 

Еске салайық, 2016 жылы 3 қазанда Астананың Есіл аудандық соты Матаевты "қаржы жымқырды" және "салықтан жалтарды" деген айыптармен 6 жылға, ал ҚазТАГ агенттігінің директоры Әсет Матаев "қаржы жымқырды" деген айыппен 5 жылға соттаған болатын. Үкім бойынша Матаевтар ақпарат және коммуникация министрлігіне - 169 миллион теңге, "Қазақтелеком" компаниясына 140 миллион теңге қайтаруы тиіс болған.