Алматыда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы мен ҰҚК қашып жүрген банкир Мұхтар Әблязовпен сыбайлас болды делінген төрт күдіктіні ұстады, – деп мәлімдейді Ұлттық бюро сайты.
"13 қарашада Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы мен ҰҚК ведомствоаралық жедел тергеу тобы ҚР ҚК-нің 189 ("Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу") және 193-баптарында ("Ерекше құндылығы бар заттарды жымқыру") қарастырылған қылмыс белгісі бойынша күдікті ретінде И.Ерімбетов, В.Соколенко, Д.Пестов және М.Зоровты ұстады. "БТА Банк" АҚ ресми өкілдерінің арызы бойынша осы аталған тұлғалардың және олардың басқаруындағы компаниялардың бұдан ертерек банктен Мұхтар Әблязов жымқырған 50 миллион доллардан асатын соманы жымқыру және заңдастыруға қатысы бар-жоғы туралы істің сотқа дейінгі тергеуі басталды.
Ұсталғандар Алматы қалалық ІІД-нің тергеу изоляторына қамалды. Сот оларды қамауда ұстау және мүліктеріне тыйым салу туралы бұлтартпау шарасын таңдады.
"Тергеу ресми түрде мынаны мәлімдейді – Ерімбетов, Пестов, Соколенко және Зоровтың қорғаушыға құқығы және қамауда ұстау талаптары толықтай сақталып отыр. Күдіктілерден және олардың адвокаттарынан процесстік нормаларды бұзу туралы шағым түскен жоқ", – дейді ведомство өкілдері.
"Осыған байланысты қашып жүрген қылмыскерлер Әблязов пен Джардемалидің туыстары, күдіктілері және бақылауындағы адамдары арқылы бұл тергеудің барысын "саясиландыру" және қасақана бұрмалауға тырысуы жауапкершіліктен жалтарудың кезекті бір көрінісі ғана", – деп ескертті Ұлттық бюро.